Құжат 16 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады.
фото: magnific.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда медицина қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде шабуылға ұшырап, зардап шеккен жағдайда сақтандыру өтемақысын ала алады, деп жазады stan.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін сақтандыру қағидаларына өзгерістер енгізетін заң жобасын әзірледі.
Негізгі ұсыныстардың бірі – медицина қызметкері жұмыс кезінде зорлық-зомбылық әрекеттері салдарынан өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайда сақтандыру төлемін беру тәртібін белгілеу.
Сонымен қатар дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды оқу кезеңінен бастап енгізу ұсынылған. Жаңа ережелер медициналық ұйымдарда науқастармен жұмыс істейтін интерндер мен резиденттерге де қатысты болады.
Сондай-ақ медициналық қызмет көрсету кезінде науқастардың өздерін де қорғау көзделген. Егер медициналық қызмет салдарынан науқастың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілсе, ол сақтандыру өтемақысын ала алады.
Жоба бірлескен сақтандыру шарттарын жасасу, өзгерту және орындау тәртібіне, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға, сондай-ақ медициналық ұйымдар, дәрігерлер, науқастар және бірыңғай сақтандыру пулының әкімшісі арасындағы өзара іс-қимылға өзгерістер енгізуді көздейді.
"Жобаның негізгі мақсаты – науқастарды, медициналық ұйымдар мен медицина қызметкерлерін сақтандыру арқылы кешенді қорғау жүйесін қалыптастыру", – делінген құжатта.
Құжат 16 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады.


