Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін салық төлеу тәртібі өзгертілмек

0
106

Тиісті түзетулер Ұлттық экономика министрлігі "Ашық НҚА" порталында жариялаған Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы жобада қамтылған.


Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін салық төлеу тәртібі өзгертілмек

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу тәртібін өзгерту ұсынылды. 2027 жылдан бастап кей жағдайларда бұл міндетті банктер өз мойнына алуы мүмкін, деп жазады tengrinews.kz.

Тиісті түзетулер Ұлттық экономика министрлігі "Ашық НҚА" порталында жариялаған Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы жобада қамтылған.

Қазіргі уақытта салық агенті тетігі интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін қолданылады. Мұндай платформаның операторы олар үшін жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалады және аударады.

Түзетулер арқылы осындай тетікті банктерге де тарату ұсынылады.

Не өзгереді?

Салық кодексінің 721-бабының ұсынылып отырған редакциясына сәйкес, мыналар салық агенттері болып танылады::

  • интернет-платформа операторлары - өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың осындай платформалар арқылы алынған табыстары бойынша;
  • банк ұйымдары - өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жолымен алынған табыстары бойынша.

Бұл ретте салық агенті Әлеуметтік кодексте және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамада көзделген жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалуға және аударуға міндетті болады.

Осылайша, бұл жерде барлық қазақстандықтың банк шоттарынан ақшаны негізсіз ұстап қалу туралы сөз болып отырған жоқ. Тетік өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолданатын жеке тұлғаларға және олардың қолма-қол ақшасыз тәсілмен алатын табыстарына қатысты.

Негізінде, егер қазір өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам төлемді банк арқылы алып, оған қатысты салықтық міндеттемелерді өз бетінше орындап жүрсе, жаңа тетік енгізілгеннен кейін банк салық агенті функциясын атқара алады: түскен табыстан қажетті соманы ұстап қалып, оны мемлекетке аударады.

Банктер өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған қосымшамен байланыстырылады

Түзетулерде банк ұйымдары мен интернет-платформа операторлары арнайы мобильді қосымшамен интеграциялануы тиіс екені қарастырылған. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың орындаған жұмыстары мен көрсеткен қызметтері үшін чектерді қалыптастыру және беру үшін қажет.

Әзірлеушілер бұл өзгерістерді салықтық әкімшілендіру жүйесіне банктерді, агрегаторлар мен маркетплейстерді қосу, сондай-ақ салықтық міндеттемелердің орындалуын автоматтандыру қажеттілігімен түсіндіреді.

Мұндай тетік интернет-платформалармен жұмыс істеп тұр. Жобаның негіздемесінде келтірілген мәліметтерге сәйкес, Мемлекеттік кірістер комитеті 597 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматқа қатысты салық агенті функциясын атқаратын 45 интернет-платформамен интеграцияланған.

Осы тетік арқылы қазірдің өзінде 9,9 миллиард теңге әлеуметтік төлем төленді.

Өзгерістердің 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бастап күшіне енуі ұсынылады. Қазіргі уақытта түзетулер талқылау сатысында.

Мән-жайы

Қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында жаңа Салық кодексіне түзетулер енгізуді тапсырып, бұл "қасиетті жазу" емес екенін және оған өзгерістер енгізуге болатынын атап өткен еді.

Келесі күні премьер-министр Олжас Бектенов Серік Жұманғаринге халық пен бизнестен Салық кодексі бойынша жинақтап, талдауды тапсырды.

Мамыр айында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексіне түзетулерді жариялады. Оның айтуынша, заңнамалық өзгерістер осы жылдың соңына дейін қабылдануы мүмкін.

Кейінірек Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин түзетулер тамыз айында таныстырылатынын, ал оларды Қазақстанның жаңа бір палаталы Парламенті - Құрылтай қарастыратынын хабарлады.