Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүкті әйелдерді қолдау шаралары кеңейтілуде

0
82

Биыл алғаш рет болашақ аналарға арналған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылып, әйелдерді 12 түрлі зерттеуден өткізу және жүктілікке дайындау үшін 5,1 млрд теңге бөлінді.


Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүкті әйелдерді қолдау шаралары кеңейтілуде

ERNUR.KZ. Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде 12 заманауи перинаталдық орталық құрылысын салу жоспарланып отырғанын хабарлады. Жаңа нысандар Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Тараз, Қарағанды, Қаскелең, Қостанай, Қызылорда, Орал қалаларында және Түркістан облысының Темірлан ауылында бой көтермек.

Биыл алғаш рет болашақ аналарға арналған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылып, әйелдерді 12 түрлі зерттеуден өткізу және жүктілікке дайындау үшін 5,1 млрд теңге бөлінді.

Одан бөлек, былтыр 22 облыстық перинаталдық орталық құрамында «Ұрықты қорғау орталықтары» құрылып, оның құрамында жүкті əйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Бір күндік клиника» ұйымдастырылды. Онда 100 мыңнан астам жүкті әйел 500 мыңға жуық тексеруден өтіп, нəтижесінде ұрықтың даму ақауларын ерте анықтау 13%-ға артты.

Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі, сондай-ақ, елімізде алғаш рет «Феталды медицина» инновациялық технологиясы енгізіліп жатқанын атап өтті. Оның көмегімен жатырішілік 71 операция жасалып, нәтижесінде 96 нәрестенің өмірі сақталып қалды. Сонымен қатар биылдан бастап емханаларда педиатриялық бөлімшелер ашылып, 100 даму және ерте араласу орталықтары жасақталды.

Шалғайдағы ауылдық мекендерде тұратын ерекше күтімді қажет ететін әйелдер үшін «Саламатты Ана» пансионаттары ашылуда. Олар тәуекелі жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерді алдын ала емдеуге жатқызуға, сондай-ақ қиын босанудан кейінгі кезеңде әйелдерді оңалтуға арналған. Бүгінгі таңда мұндай пансионаттар Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында жұмыс істеп тұр. Басқа өңірлердің әкімдеріне жыл соңына дейін облыс орталықтарында осындай пансионат ашу ұсынылып отыр.