​Қазақстанда ірі сауда нысандарын сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр

0
332

24 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.


​Қазақстанда ірі сауда нысандарын сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр

Фото: facebook.com/trcsaryarqa

ERNUR.KZ. ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев азаматтық қорғау саласындағы жаңа заң нормаларын түсіндірді, деп жазады inform.kz.

Аталған заңның іске асырылуы азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік және құқықтық жағдайларын жақсартуға, сондай-ақ төтенше жағдайларды алдын алу мен оларды жою жұмыстарының жалпы тиімділігін арттыруға бағытталды.

— Адамдар жаппай баратын объектілерде және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында министрліктің аумақтық органдары нысанды пайдалануға беру кезінде олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды шығарады. Бұл норманы енгізу өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған объектілерді іске қосу және одан әрі пайдалану фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді, — деді Кеген Тұрсынбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу үшін ауданы 2 мың шаршы метрден асатын сауда нысандарын сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр.
— Өрт автоматикасын монтаждауға және техникалық қызмет көрсетуге рұқсат беру, сондай-ақ «Хан Шатыр мен ЭКСПО сияқты объектілерді салуға арналған арнайы техникалық шарттарды келісу туралы нормалар енгізілді, — деді вице-министр.
Бұдан басқа, төтенше жағдайлар қаупі туындаған немесе орын алған кезде, халықты жедел хабардар ету саласында маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, жедел-кезекші қызметтің жауапты өкілдері уәкілетті лауазымды тұлғалардың алдын ала бұйрығынсыз хабарландыру жүйесін өз шешімімен іске қоса алады. Мұндай қадам шешім қабылдау уақытын қысқартып, халықтың қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, биыл 24 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.