Шашын бояп, тырнағын өсіріп, кірпік жабыстырып келетіндерге бір-ақ рет ескерту беріледі.
Фото: ЖИ
ERNUR.KZ. Мұғалімдер жаңа оқу жылында мектепке боянып келетін қыздарды қатаң жазаламақ. Ескертуді елемей, кірпік жабыстырып, тырнақ өсірген оқушылардың әрекетін арнайы комиссия қарап, есепке алуы мүмкін. Жауаптылар тіпті ұл-қыздардың шаш үлгісін де бақылауға алмақ, деп жазады stan.kz.
Биыл ұстаздар талапқа бағынбайтын оқушы қыздарға қатаң шара қолдануға ниетті. Шашын бояп, тырнағын өсіріп, кірпік жабыстырып келетіндерге бір-ақ рет ескерту беріледі. Мұны елемесе, ата-анасын шақырып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ол да әсер етпесе, оқушының тәртібі арнайы комиссияда қаралады екен.
“Тырнақ бояуға рұқсат етілмейді, артық жылтырақ, алтын немесе тағы да әртүрлі нәрселер тағуға да болмайды. Сол мектептің бекіткен формасын киіп, мектептің қойған талаптарымен оқушылар жүру керек. Егер белгіленген талаптар сақталмаса, оқушының ата-анасы шақырылып, ескерту беріледі. Сосын әрі қарай ескерту де орындалмайса, сол білім ұйымының жаңағы білім ұйымынан шаралар қабылданады”, – деді Ақтау қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Римма Шабикова.
Бұл тыйымдардың ұлдарға да қатысы бар. Шашын өсіріп, форма кимей, сырға тағатын балалар да жазаға тартылмақ. Ата-аналар сала мамандарының шектеу қойғаны өте дұрыс дейді. Себебі мектепді сән көрсететін ортаға айналдырмаған жөн. Сондықтан оқушының сырт келбеті де оқу орнының тәртібіне сай болуы тиіс.
Мектеп формасына қатысты талаптың бірі – киімнің классикалық әрі ұстамды болуы. Қыздарға белдемше немесе шалбар, ұлдарға шалбар мен жейде кию міндетті. Ал белдемшенің нақты ұзындығы мен сырт келбетке қойылатын қосымша талаптарды мектеп ішкі тәртіп ережесінде бекітеді.


