«Даму» қоры жұмыс форматын кеңейту және бизнесті кешенді сүйемелдеу тетігін енгізу мүмкіндігін қарастыруда.
ERNUR.KZ. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бизнеске қолдау көрсету және сүйемелдеу орталықтарының жұмысын пилоттық режимде бастады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі.
«Даму» қоры жұмыс форматын кеңейту және бизнесті кешенді сүйемелдеу тетігін енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл тәсіл кәсіпкерлерге бизнесті дамытуға қатысты мәселелерді шешу барысында мемлекеттік органдармен, қаржы институттарымен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылды неғұрлым ыңғайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Орталықтардың жұмысы мынадай тәртіппен ұйымдастырылады: кәсіпкер алдымен «Даму» қорының өңірлік филиалына жүгінеді. Мұнда мамандар жағдайға бастапқы талдау жүргізіп, мәселені шешудің ықтимал тетіктерін айқындайды және одан әрі сүйемелдеу бағытын белгілейді. Өтініштің сипатына қарай кейсті қарауға бейінді мемлекеттік органдар, қаржы институттары, жергілікті атқарушы органдар және «Бәйтерек» холдингі тобына кіретін ұйымдар тартылады. «Даму» қоры қатысушылардың өзара іс-қимылын үйлестіріп, кәсіпкердің мәселесі бойынша шешім қабылданғанға дейін оны сүйемелдейді. Осылайша, кәсіпкерге әрбір мемлекеттік органға немесе ұйымға жеке-жеке жүгінудің қажеті болмайды.
Пилоттық жоба аясында бизнестің қаржылық тұрақтылығына және оның қызметін жалғастыруына тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық беріледі.
Атап айтқанда, кәсіпкерлерге мынадай мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі:
- берешекті қайта құрылымдау және қаржыландыруға қол жеткізу;
- мемлекеттік қолдау шараларын алу;
- салық берешегін реттеу;
- өткізу нарықтарына қолжетімділікті қалпына келтіру және өнімді ілгерілету;
- кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту;
- агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау және қаржыландыру.
Бұл бағыттар «Атамекен» ҰКП тізіліміндегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 2,4 мыңнан астам проблемалық өтінішін талдау нәтижесінде айқындалды. Олардың 600-ден астамы пилоттық жоба іске асырылатын бес өңірден түскен. Кәсіпкерлердің басым бөлігі қаржыландыру және берешекті қайта құрылымдау, мемлекеттік қолдау шараларын алу, салық салу, өнімді өткізу және бизнесті дамыту мәселелері бойынша жүгінген.
Басты өлшем: мәселенің шешілуі
Дәстүрлі консультациялық форматтан айырмашылығы, Орталықтардың тиімділігі ең алдымен нақты нәтижеге қарай бағаланады. Негізгі көрсеткіш ретінде кәсіпкерлердің шешімін тапқан өтініштерінің үлесі, бизнестің қаржыландыру мен өткізу нарықтарына қолжетімділігін қалпына келтіруге көрсетілген жәрдем, проблемалық кредиттер мен салық мәселелерін шешу, сондай-ақ өтініштерді қарау мерзімдерінің сақталуы ескерілетін болады.
Сонымен қатар Орталықтар бизнесте жиі қайталанатын мәселелер бойынша талдау жүргізеді. Бұл жүйелі кедергілерді анықтауға және қолданыстағы қолдау шаралары мен заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Пилоттық жоба 2026 жылдың соңына дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша жаңа тетіктің тиімділігі бағаланып, оны еліміздің басқа өңірлерінде одан әрі енгізу және ауқымын кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленеді.
Бизнеске қолдау көрсету және сүйемелдеу орталығына пилоттық жоба іске асырылатын бес өңірдегі «Даму» қорының өңірлік филиалдары арқылы жүгінуге болады. Өңірлік филиалдардың мекенжайлары мен байланыс деректері Қордың ресми сайтында қолжетімді. Сондай-ақ ақпаратты 1408 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады.


