Қазақстанда балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы E-fish цифрлық жүйесінің көмегімен қысқартылып жатыр

0
131

Қазақстанда жыл басынан бері балық шаруашылығы саласында 2,7 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды.


Қазақстанда балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы E-fish цифрлық жүйесінің көмегімен қысқартылып жатыр
ERNUR.KZ. Құқық бұзушыларға шамамен 55 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, заңсыз ауланған 15 тоннадан астам балық тәркіленді. Сонымен қатар браконьерлікпен күрес мақсатында цифрлық құралдарды енгізу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.

Жыл сайын еліміздің барлық өңірінде «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы өткізіледі. Биылғы акция барысында 815 хаттама толтырылып, 16 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, 2 тоннаға жуық балық тәркіленді.

Сонымен қатар жыл сайын Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында ішкі істер органдарының және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп «Бекіре» кең ауқымды балық қорғау акциясы өткізіледі. Биыл 1239 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 33 материал тіркелді, 840 кг балық, 134 аулау құралы және 25 жүзу әрі көлік құралы тәркіленді.

Сонымен қатар биыл 1 наурыз бен 31 мамыр аралығында жыл сайынғы «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы өткізілді. Су айдындарынан иесіз қалған 4976 ау тәркіленіп, 380 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Акцияға 5,5 мыңнан астам адам қатысып, 1594 арнайы техника жұмылдырылды.

Былтыр мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған «E-fish» ақпараттық жүйесі енгізілді. Қазіргі таңда онда балық шаруашылығы және аквамәдериет саласындағы 1221 субъект тіркелген, бұл жалпы субъектілер санының 100%-ын құрайды.

«БАБЖ мен «E-fish» жүйелерінің интеграциясы балық аулау квотасы мен өсірілген балық көлемі асып кеткен жағдайларда ветеринариялық құжаттарды беруді бұғаттауға мүмкіндік берді. Ақпараттық жүйе балық өнімдерінің көлеңкелі айналымын шамамен 2 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік жасады. Сонымен қатар ақпараттық жүйені одан әрі дамыту мақсатында «Аквамәдениет» модулі құрылатын болады. Ол субъектілердің бірыңғай тізілімін жүргізуге, өндірістік көрсеткіштерді мониторингтеуге, инвестициялық белсенділікті талдауға және саланың қажеттіліктерін болжауға мүмкіндік береді. Балық аулау құралдарын бақылауды күшейту және оларды сәйкестендіру мақсатында оларды QR-кодтары бар биркалармен жабдықтау мәселесі пысықталуда», – деді спикер.