Қазақстанда аквамәдениетті дамытуға ерекше назар аударылады

0
76

2021 жылдан бері балық шаруашылығы саласындағы субсидия көлемі 7 есе артып, 2025 жылы 3,5 млрд теңгеге жетті.


Қазақстанда аквамәдениетті дамытуға ерекше назар аударылады

ERNUR.KZ. Балық өсіру шаруашылықтарының саны 4 есеге артып, 650-ге жетті. Өндірілетін өнім көлемі бойынша алдыңғы қатардағы өңірлер: Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары. 2025 жылдың 10 айында шамамен 12,2 мың тонна балық өсірілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов хабарлады.

2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,2 млрд теңгені, ал 2025 жылдың 10 айында 4,6 млрд теңгені құрады. 2021–2024 жылдары жалпы құны 21,4 млрд теңге болатын, жылына 20 мың тоннадан астам өнім өндірісіне мүмкіндік беретін 87 жоба жүзеге асырылды. Бүгінде балық шаруашылығы саласында 44 ірі жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Оларды 2030 жылға дейін іске асыру көзделген, инвестициялар көлемі – 50 млрд теңге, өсірілетін балық көлемі – 16 мың тонна, қайта өңдеу – 17 мың тонна және балық жемі өндірісі – жылына 6,7 мың тонна. Ірі жобалардың басым бөлігі Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Маңғыстау облыстарында орналасқан.

2024 жылы балық өсіру және өңдеу жобаларын 2,5% жеңілдетілген мөлшерлемемен несиелеу көзделген. Биыл әкімдіктермен бірлесіп, жалпы құны 20 млрд теңгеге жуық, жобалық қуаты 6 мың тонна болатын және 280 жұмыс орнын құру қарастырылған 14 әлеуетті жоба анықталды.

«Қазіргі таңда балық шаруашылығының 7 субъектісі 4,5 млрд теңге көлемінде несиелік қаражат алды. Екіншіден, Каспий теңізінде майшабақ аулау лимиті 8 мың тоннадан 33 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде инвесторлар тартылып, олар екі теңіз балық аулау кемесімен майшабақ аулап жатыр», – деп түсіндірді спикер.

Сондай-ақ барлық портта балық аулау кемелері үшін порттық қызметтерге 70% жеңілдік қарастырылған.

Сонымен қатар «Аквамәдениет туралы» Заңды іске асыру аясында төмендегідей шаралар көзделген:
- аквамәдениет субъектілеріне су беру қызметтерін субсидиялау;
- айналым қаражатын толықтыру үшін 5% мөлшерлемемен кредиттеу енгізу;
- аквамәдениетті жүргізуге байланысты нысандарды ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде салуға рұқсат беру;
- торлы шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында балық шаруашылығы учаскелерін беру.

Комитет өкілдерінің пікірінше, өнеркәсіптік балық аулау саласындағы инвестициялық климатты жақсарту үшін балық шаруашылығы су айдындарын аквамәдениет саласындағы инвестициялық жобаларға ұқсас тәсілмен беру қажет. Бекіре, тұқы және албырт тұқымдас балықты өсіру әлеуетін сақтау және дамыту үшін балық питомниктерін жаңғыртып, техниканы және құрал-жабдықтарды толық жаңарту қажет. Жайық және Қиғаш өзендерінің сағаларында балықтардың уылдырық шашу орындарына көшу мәселесін шешу үшін түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Балықтардың жаппай қырылу қаупінің алдын алу және оның салдарын жою бойынша көмек көрсетуге арналған бірыңғай іс-қимыл алгоритмі бекітілді.