Қазақстанда 43 шенеунік адам өлімі тіркелген жол апаттарына кінәлі болған

0
135

​Жыл басынан бері 740 адам жол апатынан көз жұмған.


Қазақстанда 43 шенеунік адам өлімі тіркелген жол апаттарына кінәлі болған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

ERNUR.KZ. Қазақстанда жол апаттарының саны азаймай тұр. Мәселен, биылғы 1 қаңтардан 31 мамырға дейінгі аралықта республика бойынша 12 219 жол апаты тіркелген. 17 мыңнан астам адам зардап шегіп, соның 700-ден астамы ажал құшқан. Адам өліміне не жарақат алуына әкеп соққан жол апаттарына көбіне жеңіл автокөлік жүргізушілері кінәлі екен. Солардың арасында әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлер де бар, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері тіркелген 12 мыңнан аса жол апатының 10 мыңнан астамы елді мекендерде, ал 1 мыңға тартасы республикалық маңызы бар тас жолдарда болған. Бес ай ішінде жол апаттарынан 17 326 адам зардап шегіп, соның 740-ы қайтыс болған. Көз жұмғандар арасында кәмелетке толмаған 97 бала бар.

Жол апаты көбіне көлік жүргізушілері (11 817) мен жаяу жүргіншілердің (338) кінәсінен болған. Қалған 64 апатқа жол жөндейтін мердігерлер, коммуналдық қызмет, жол қызметтері және мал иелері себеп болған.

Адам өліміне не жарақатына әкеп соққан жол апаттарына кінәлі жүргізушілердің арасында әскери қызметкерлер мен мемлекеттік қызметшілер де бар:

  • 35 әскери қызметкер;
  • құқық қорғау және арнайы органдардың 37 қызметкері;
  • 43 мемлекеттік қызметкер бар: 32-сі – ер адам, 11-і – әйел.

Сонымен қатар, жыл басынан бері 927 жұмыссыз жүргізуші де көлік апатына кінәлі деп танылған.

218 жүргізуші және 16 жаяу жүргінші жол апатына ұшыраған кезде мас болған.

Құқықтық статистика комитетінің есебіне қарасақ, жол апатына көбіне жеңіл көлік жүргізушілерінің маневр жасау ережесін сақтамауы, жаяу жүргіншілерге жол бермеуі және жылдамдықты асырғаны себеп болады.