Қазақстанда 33 млн тоннадан астам жемшөп дайындалды

0
76

Жемшөп дайындау көлемі бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр.


Қазақстанда 33 млн тоннадан астам жемшөп дайындалды

ERNUR.KZ. Еліміздің өңірлерінде жемшөп дайындау науқаны жалғасып жатыр. Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда алдағы қысқы кезеңге қажетті жемшөптің 33,1 млн тоннасы дайындалды. Бұл жоспарланған көлемнің 80%-ын құрайды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Атап айтқанда, 25,3 млн тонна шөп, 2,5 млн тонна сабан, 2,3 млн тонна пішендеме, 1,6 млн тонна құнарландырылған жем және 1,4 млн тонна сүрлем әзірленді.

Жемшөп дайындау көлемі бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Мұнда 5,02 млн тонна жемшөп әзірленді. Одан кейін Жамбыл облысы – 3,25 млн тонна, Алматы облысы – 3,11 млн тонна, Батыс Қазақстан облысы – 2,58 млн тонна және Солтүстік Қазақстан облысы – 2,43 млн тонна көрсеткішке қол жеткізді.

Қысқы қорада ұстау кезеңін ойдағыдай өткізу және сақтандыру қорларын қалыптастыру мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы 201,3 мың тонна астық көлемінде жемдік қор қалыптастырды. Қажет болған жағдайда аталған резерв ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қажетті жемшөп ресурстарымен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады.

Қазіргі уақытта жемшөп дайындау жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жемшөп дайындау науқанының барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жүргізіліп жатқан мониторинг пен резервтерді уақтылы қалыптастыру мал шаруашылығы субъектілерін қажетті жемшөп қорымен қамтамасыз етуге және алдағы қысқы қорада ұстау кезеңін оңтайлы өткізуге бағытталған.