​Қазақстанда 1,2 миллионнан астам адам ЖРВИ жұқтырды

0
130


​Қазақстанда 1,2 миллионнан астам адам ЖРВИ жұқтырды

Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанда қыркүйектен бері жедел респираторлық-вирустық инфекциямен (ЖРВИ) сырқаттанғандар саны 1,2 миллион адамнан асты, деп жазады zakon.kz.
Ведомство мәліметінше, індет жұқтырғандардың 66 пайызы – балалар. Сонымен қатар, ел бойынша 45 адамнан тұмау анықталған. Сарапшылардың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда сырқаттану көрсеткіші 22 пайызға төмендеген.
Бұл жағдайды мамандар халықтың белсенді түрде тұмауға қарсы екпе салдыруымен байланыстырады. Биыл 1,7 миллионға жуық қазақстандық, яғни ел тұрғындарының 8,3 пайызы вакцина алған. Оның ішінде 385 мыңнан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Дәрігерлердің айтуынша, ЖРВИ белгілері – дене қызуының 38,5°С-қа дейін көтерілуі, әлсіздік, бас және тамақ ауруы, тәбеттің жоғалуы.

"Қазіргі вирустар мутацияланған. Сондықтан аурудың жеңіл, орташа және ауыр түрлері кездеседі. Аурудың ұзақтығы 5 күннен 12–14 күнге дейін созылуы мүмкін", – дейді республикалық медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының дәрігері Бекжан Намет.

Дәрігерлердің кеңесі бойынша, дене қызуы 38 градустан жоғарылаған жағдайда маңдай мен мойынды салқын сумен сүрту, суды көбірек ішу, бөлмені желдету және қажет болса ыстық түсіретін дәрі қабылдау қажет.
Мамандар сонымен қатар жеке гигиенаны сақтау, дәруменге бай тағамдарды тұтыну және таза ауада көбірек серуендеу арқылы вирустық инфекцияның алдын алуға болатынын еске салды.