Индекс елдердегі бейбітшілік пен тұрақтылық деңгейін үш негізгі бағытқа біріктірілген 23 көрсеткіш негізінде есептейді.
ERNUR.KZ. Экономика және бейбітшілік институты (IEP) жариялаған Global Peace Index 2026 (Жаһандық бейбітшілік индексі) нәтижелері бойынша, Қазақстан әлемнің 163 елінің арасында 44-орынға жайғасып, ең бейбіт ТОП-50 мемлекеттің қатарына енді, деп жазады baq.kz.
Бірінші орынды Исландия, соңғы орынды Ресей иеленді.
Орталық Азия елдерінің рейтингтегі орналасуы:
- Өзбекстан – 37-орын (1,726 балл)
- Қазақстан – 44-орын (1,771 балл)
- Тәжікстан – 47-орын
- Қырғызстан – 61-орын
- Түрікменстан – 66-орын
Global Peace Index 2026 рейтингінің алғашқы орындарын Исландия, Жаңа Зеландия және Швейцария иеленуде. Олардан кейінгі 4 және 5-орындарды сәйкесінше Словения мен Ирландия өкілдері еншіледі.
Global Peace Index 2026 рейтингінің соңғы сатыларында Ресей – 163-орын, Судан – 162-орын және Конго Демократиялық Республикасы – 161-орында орналасқан. Олардан сәл жоғарырақ Украина – 160-орын, Израиль – 159-орын, Оңтүстік Судан – 158-орын және Ауғанстан – 157-орынға тұрақтады.
Индекс елдердегі бейбітшілік пен тұрақтылық деңгейін үш негізгі бағытқа біріктірілген 23 көрсеткіш негізінде есептейді: қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп, жалғасып жатқан ішкі және халықаралық қақтығыстар, сыртқы қақтығыстарға тартылу дәрежесі, сондай-ақ милитаризация деңгейі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан инвестициялық рейтингте 17 сатыға көтерілді.
Сонымен қатар, әл-ауқат индексінде 66-орында екені хабарланды.


