Қазақстан өңделген ет экспортын ұлғайтты

0
131

2025 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстан 8,4 мың тонна сиыр етін және 6,7 мың тонна қой етін экспорттады.


Қазақстан өңделген ет экспортын ұлғайтты

фото: Sputnik / Санат Имангалиев

ERNUR.KZ. Тірі мал экспортынан ет өнімдерін сыртқы нарықтарға шығаруға көшу оң нәтижелерін көрсетіп жатыр, деп жазады sputnik.kz.
"2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан өңделген сиыр етінің экспортын 1,4 есеге арттырып, 22 мың тоннадан астам, ал қой етінің экспортын 2,2 есеге ұлғайтып, 18 мың тоннаға жеткізді", - деп жазылған хабарламада.
Министрлік мәліметінше, бұл көрсеткіштер тірі малға шаққанда — 122 мың ірі қара және 1 миллион ұсақ мал басына тең.
2024 жылдан бастап қазақстандық өндірушілер Тәжікстан, Қытай, Грузия, Сирия және Иордания сияқты жаңа шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндігіне ие болды. Бұл фактор ет өнімдері экспорты көлемінің өсуіне елеулі ықпал етті.
"2025 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстан 8,4 мың тонна сиыр етін (яғни 47 мың басқа тең) және 6,7 мың тонна қой етін (372 мың басқа тең) экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге артық", - дейді ведомстводағылар.
Жыл сайынғы ет өнімдері экспортының көлемін 50 мың тоннаға дейін жеткізу мақсатында, Қазақстанда австралиялық тәжірибені енгізу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама аясында жалпы құны 29,3 млрд теңге болатын, өндірістің толық технологиялық циклын қамтитын 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.