“Адал азамат” бағдарламасының алты негізгі құндылығын айшықтайтын бұл брендбук – динамикалық құжат.
ERNUR.KZ. “Адал азамат” бағдарламасының құндылықтарын насихаттау мақсатында мектептерге арналған бірыңғай безендіру үлгісі әзірленді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов ОКҚ брифингінде айтты, деп жазады baq.kz.
Спикердің айтуынша, безендіруде күнделікті жақсы әдеттерді қалыптастыратын суреттер мен сөздер қолданылады. Әрбір пән кабинеті оқушылардың жас ерекшелігіне және пән бағытына қарай безендіріледі.
Сонымен қатар мектептің ортақ кеңістіктерінде Қазақстанның табиғи әрі тарихи орындарының көріністері, әлемдік деңгейдегі тарихи тұлғалар мен ойшылдардың бейнелері мен нақыл сөздері пайдаланылады.
“Адал азамат” бағдарламасының алты негізгі құндылығын айшықтайтын бұл брендбук – динамикалық құжат. Яғни мектептер өз ерекшелігіне қарай үлгілерді дербес таңдай алады. Құжат заманауи талаптарға сәйкес үнемі толықтырылып, жетілдіріліп отырады, – деді Ерлан Қалмақов.
Жаңа дизайн-код кезең-кезеңімен енгізіледі:
- алдымен жаңадан салынып жатқан білім беру ұйымдарында қолданылады;
- кейін реновация жүргізілетін 1300 мектепте енгізіледі;
- соңғы кезеңде, қалған мектептерде күрделі немесе жөндеу жұмыстары барысында қолданылады.