Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымының негізін қалауды ұсынды

0
88

Мемлекет басшысы сөз соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Еуразия кеңістігіндегі елдердің ұзақмерзімді әрі табысты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндігі жеткілікті екенін айтты.


Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымының негізін қалауды ұсынды

Фото: akorda.kz

ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "ШЫҰ плюс" саммитіне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Су қауіпсіздігі әлемнің күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі ретінде аталды.

– Азық-түлік, энергетика және әлеуметтік салалардағы тұрақтылық, сондай-ақ экономикалық даму суға тікелей тәуелді. Дегенмен су ресурстарын жаһандық басқару жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Су проблематикасымен БҰҰ-ның ондаған құрылымы айналысады. Алайда кең өкілеттікке ие біртұтас үкіметаралық әмбебап ұйым құрылған жоқ. Дәл осы себепті Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымының негізін қалауды ұсынды. Оның міндеті – қолданыстағы тетіктерді қайталамай, керісінше, ортақ істі үйлестіру, үкіметтер арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ету, ресурстарды жұмылдырып, өзара келісімді шешімдер әзірлеу. ШЫҰ Су мәселелерін талдау орталығы осы жаһандық бастаманы өңірлік деңгейде толықтыра алар еді. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымы мен ШЫҰ Су мәселесін талдау орталығын құру туралы ұсынысыма мүше мемлекеттер қолдау көрсетеді деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөз соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Еуразия кеңістігіндегі елдердің ұзақмерзімді әрі табысты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндігі жеткілікті екенін айтты.

– Жалпыға ортақ әрі біртұтас қауіпсіздік, терезесі тең егемендік пен өзара құрмет қағидаттарын халықаралық қатынастардың ажырамас бөлшегі ретінде бекіту – ортақ жауапкершілігіміз. Шанхай ұйымы қауіпсіз және орнықты әлемдік тәртіпті құруға лайықты үлес қосатынына сенімдімін. Қазақстан Ұйым аясындағы барлық серіктес мемлекеттермен дәл осы бағытта конструктивті жұмыс атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.