Жоба жауынгерлік және арнайы даярлықтың жаңартылған тұжырымдамасын іске асыруды көздейді.
Фото: Қорғаныс министрлігі
Жоба жауынгерлік және арнайы даярлықтың жаңартылған тұжырымдамасын іске асыруды көздейді. Қорғаныс министрлігінің бұл бастамасы мерзімді қызмет кезінде IT, телекоммуникация және ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды басқару сияқты сұранысқа ие салаларда азаматтық мамандықтар алуға мүмкіндік береді.
Бастама әскери қызметті кәсіптік оқытуды, цифрлық шешімдерді, медициналық мониторинг жүйесін және бос уақытты сапалы ұйымдастыруды біріктіруді көздейді. Бұл ерекшеліктер әлеуметтік қолдаудың маңызды элементіне айналып, әскер мектебінен өткен жас қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөлімінде заманауи тұрмыстық және оқу жүйесі енгізілді. Осындай жаңалықтардың бірі фитнес білезіктерін қолдану арқылы әскери қызметшілерді медициналық бақылау болды.
— Бізде сарбаздарға заманауи оқу базасынан жақсартылған инфрақұрылымға дейінгі барлық қажетті жағдай жасалған. Бұл біздің жастардың жеке және кәсіби әлеуетіне салынған инвестициялар, — деп түсіндірді 78460 бөлім командирінің орынбасары подполковник Бақытжан Сейтов.
Биыл қазан айында Sarbaz+ пилоттық жобасы аясында әскери бөлімде жеке құраммен тәрбие жұмысына жауапты офицерлер мен сержанттар үшін қарқынды курстар өтті.
Қорғаныс министрлігінің жобасы әскери қызметшілерді жан-жақты дамытуға және әлеуметтік бейімдеуге бағытталған инновациялық дайындық моделіне көшуді білдіреді. Егер ол сәтті іске асырылса, мерзімді қызметтің бұл моделі ел Қарулы күштерінің барлық бөлімшесінде кезең-кезеңімен енгізіледі.


