Қарағанды облысының ауданында кірпіш зауыты салынды

0
83

Зауыт жылына 50 млн данаға дейін кірпіш өндіруге қауқарлы.


Қарағанды облысының ауданында кірпіш зауыты салынды

ERNUR.KZ. Осакаров ауданында кірпіш зауытының құрылысы аяқталды. Бұл – құны 1,8 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба, деп хабарлайды Қарағанды облысының әкімдігі.

Зауыт жылына 50 млн данаға дейін кірпіш өндіруге қауқарлы. Өндірістік қуаттылығы тәулігіне шамамен 200 мың кірпішті құрайды. Кәсіпорында бүгінде 40 тұрақты жұмыс орны ашылған. Ал құрылыс пен монтаж жұмыстары кезеңінде тағы 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылды.

«Бүгінде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Соған сәйкес сапалы құрылыс материалдарына деген сұраныс та артып отыр. Өз тарапымыздан осындай өндіріс орындарының өңірде жұмыс істеуі үшін инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кәсіпорын құрылысы шамамен 1,5 жылға созылды. Жоба толықтай инвестор қаражаты есебінен қаржыландырылды. Мемлекет тарапынан компанияға жалпы аумағы 16 гектар жер телімі бөлініп, инженерлік инфрақұрылымға қосылу мүмкіндігі қамтамасыз етілді.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Екі күйдіру пеші орнатылып, электр желілері тартылды және қажетті инженерлік коммуникацияларға қосылу жұмыстары жүргізілді. Қазір мамандар жабдықтарды баптап, технологиялық желілерді сынақ режимінде іске қосуда.

Жобаның басты ерекшелігі – жергілікті шикізатты пайдалану. Кірпіш өндіруге қажетті саз Осакаров ауданында өндіріледі. Бұл логистикалық шығындарды азайтып, кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Біз дәл осы жобаны таңдадық, өйткені бүгінде Қазақстанда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар зауыттың орналасқан жері өте қолайлы: Қарағанды мен Астанаға дейін небәрі 100 шақырым. Бұл – өңірдегі ең ірі құрылыс нарықтары. Сондықтан өнімімізге сұраныс жоғары болатынына сенімдіміз», – деді «Алтын Алқап Қарағанды» ЖШС инвестор-компаниясының өкілі Чуаньгун Цай.

Зауыт басшылығының мәліметінше, бұл өңірде жүзеге асырылып жатқан жалғыз жоба емес. Биыл күзде Нұра ауданында тағы бір кірпіш зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Екі кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін Қарағанды облысы мен Астана қаласының құрылыс нарығының едәуір бөлігін кірпішпен қамтамасыз ете алады.

«Біз әрбір инвесторды жобаны іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдейміз. Осы мақсатта облыс әкімі жанындағы инвестициялық штаб, сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жұмыс істейді. Мемлекет жер телімдерін беру және қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізу мәселелерін өз мойнына алады, ал инвесторлар өндірісті дамытуға қаржы салады», – деді кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев.