Қарағанды облысында қарақұмық пен қырыққабатты қымбатқа сатқандар жауапқа тартылды

0
80

Бақылау жұмыстары 15% сауда үстемесінің артық белгіленуінің алдын алуға және оны жедел тоқтатуға бағытталған.


Қарағанды облысында қарақұмық пен қырыққабатты қымбатқа сатқандар жауапқа тартылды

фото: Sputnik / Алексей Мальгавко

ERNUR.KZ. Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына бақылау күшейтілді, деп жазады sputnik.kz.

Бақылау жұмыстары 15% сауда үстемесінің артық белгіленуінің алдын алуға және оны жедел тоқтатуға бағытталған.
Жыл басынан бері 15 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды: оның ішінде 6 көтерме жеткізуші, 4 супермаркет және 5 шағын дүкен бар.
"Айыппұлдардың жалпы сомасы 934 мың теңгені құрады. Құқықбұзушылықтар сүт, күріш, тауық еті, күнбағыс майы, жұмыртқа, ұн, тұз, сондай-ақ тізімге жаңадан енгізілген әлеуметтік маңызы бар өнімдерін сату кезінде анықталған", - деп жазылған хабарламада.
Баға жапсырмаларының сәйкес келмеуі бойынша 2 құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Мәселен, бір кәсіпкер қарақұмық жармасын сатып алу бағасы 294 теңге бола тұра, 370 теңгеден сатқан. Сауда үстемесі 26%-ды құрап, белгіленген шектен асқан.
Тағы бір жеткізуші қырыққабатты келісін 100 теңгеден сатып алып, сауда желілеріне 135 теңгеден өткізген. Сауда үстемесі 35%-ға жеткен. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде баға төмендетілді.
Сонымен қатар, ӘМАТ тізіміне кіретін қияр, қызанақ және алма бойынша да заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, бір кәсіпкер алманы килограмын 300 теңгеден сатып алып, сауда желілеріне 710 теңгеден өткізген. Сауда үстемесі 136%-ды құраған.
Анықталған барлық фактілер бойынша кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тұтынушылар үшін түпкілікті бағалар төмендетілді.