Қарағанды облысында газбен жабдықтау желілері кеңейтіліп, жаңа қалалар мен кенттер газға қосылуда

0
298

Теміртау қаласын газдандыру жұмыстары толық аяқталды.


Қарағанды облысында газбен жабдықтау желілері кеңейтіліп, жаңа қалалар мен кенттер газға қосылуда

ERNUR.KZ. Биыл табиғи газ Қарағанды қаласының жаңа аудандарына және өңірдегі өзге де елді мекендерге жеткізіледі. Облыста ауқымды газдандыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 16,5 мың жеке тұрғын үйдің иелері табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Қарағанды облысының әкімдігі.

Теміртау қаласын газдандыру жұмыстары толық аяқталды. Мұнда 6,5 мың жеке тұрғын үйге газ желілері тартылып, 2,5 мыңнан астам отбасы табиғи газды пайдаланып отыр. Тұрғындардың бір бөлігі үшін тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы рәсімделетін жеңілдетілген несие бағдарламасының арқасында газға қосылу анағұрлым қолжетімді болды.

Қарағанды қаласында да жұмыстар жалғасуда. Құрылыстың кезекті кезеңдері аяқталғаннан кейін тағы 8 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады.

Ірі жобалардың бірі – Шахтинск қаласын газдандыру. Жоба аясында ұзындығы 230 шақырымнан асатын газ тарату желілерін салу көзделген. Жоба аяқталған соң 2,6 мыңнан астам абонент табиғи газға қосыла алады.

Өңірдің өзге де елді мекендерін газдандыруға дайындық жүргізілуде. Шет ауданында табиғи газды төрт ауылға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ Саран қаласын, Ақтас пен Дубовка кенттерін, сондай-ақ «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын газдандыру жобалары бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындылары алынды.

Ақтау және Ғабиден Мұстафин атындағы кенттерде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жобалар аяқталғаннан кейін тағы 9,5 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады.