Жаңа сервис мәтіндік сипаттама негізінде кескіндер жасап, дайын фотосуреттерді өңдеуге мүмкіндік береді.
Фото: Pexels
ERNUR.KZ. Meta компаниясы жасанды интеллект көмегімен сурет жасау және өңдеуге арналған жаңа Muse Image сервисін таныстырды, деп жазады inform.kz.
Шетелдік технологиялық басылымдардың хабарлауынша, пайдаланушы Meta AI-ға сұраныс енгізу кезінде қажетті Instagram-профильді көрсетуі жеткілікті. Осыдан кейін жасанды интеллект сол аккаунттағы көпшілікке қолжетімді фотосуреттерді, соның ішінде адамның бейнесін де пайдаланып, жаңа суреттерді генерациялай алады.
Сонымен қатар, аккаунт иесіне оның фотосуреттері жасанды интеллект арқылы пайдаланылғаны туралы ешқандай хабарлама жіберілмейді. Компанияның мәліметінше, мұндай мүмкіндікке қарсы пайдаланушылар оны құпиялылық (privacy) баптаулары арқылы өшіре алады.
Meta өкілдерінің айтуынша, Muse Image компания ережелерін бұзатын кескіндердің жасалуына жол бермейтін қорғаныс тетіктерімен жабдықталған. Дегенмен, жаңа функция жеке деректердің қорғалуы мен пайдаланушылар жариялаған контентті қолдану мәселесіне қатысты түрлі сұрақтар туындатып отыр.


