Ғалымдар дрон арқылы зиянкестермен күресудің жаңа тәсілін ұсынды

0
54

BioDrop технологиясы жұмыс уақытын қысқартып, биологиялық тиімділікті 10–11 пайыздық тармаққа арттырған.


Ғалымдар дрон арқылы зиянкестермен күресудің жаңа тәсілін ұсынды

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары энтомофагтарды ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы автоматты түрде тарату технологиясын әзірледі, деп жазады inbusiness.kz.

BioDrop деп аталатын жүйе ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден биологиялық қорғаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Технология құрамына биоыдырайтын BioDrop капсулалары, оларды таратуға арналған арнайы құрылғы және дрон кіреді. Капсулалардың ішіне зиянкестердің табиғи жаулары саналатын Trichogramma spp. және Habrobracon hebetor энтомофагтары орналастырылады.

Дрон капсулаларды алдын ала белгіленген бағыт бойынша егістікке таратады. Жерге түскеннен кейін капсулалардан энтомофагтар біртіндеп босап шығып, ауыл шаруашылығы зиянкестерін жоя бастайды.

Далалық сынақ нәтижесінде BioDrop технологиясының дәстүрлі қолмен тарату әдісінен тиімдірек екені анықталған. Энтомофагтарды таратқаннан кейін 14 тәулікте дәстүрлі әдістің биологиялық тиімділігі 70–73% болса, жаңа технологияда бұл көрсеткіш 81–83%-ға жеткен.

Сонымен қатар технология жұмыс уақытын айтарлықтай қысқартады. Қолмен таратуға 1–1,5 сағат қажет болса, дрон арқылы дәл сондай жұмыс көлемін жабдықты дайындауды қоса алғанда 10–15 минутта орындауға болады.

Қазіргі уақытта BioDrop технологиясы төрт шаруашылықта енгізіліп, қолданылып жатыр. Алдағы уақытта оны дәлме-дәл егіншілік және фитосанитариялық мониторинг жүйелерімен қатар пайдалану жоспарланып отыр.