Енді Қазақстанда әлеуметтік желіге тіркелу үшін төлқұжат қажет болады

0
101

Аталған шара интернеттегі балаларды қорғау тетіктерінің бірі ретінде ұсынылып отыр екен.


Енді Қазақстанда әлеуметтік желіге тіркелу үшін төлқұжат қажет болады

Фото: zakon.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанда әлеуметтік желілерге тіркелу кезінде төлқұжат деректерін пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр, деп жазады stan.kz.

Аталған шара интернеттегі балаларды қорғау тетіктерінің бірі ретінде ұсынылып отыр екен. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, бұл бастама жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге кіруін толық шектеуді көздемейді.

“Цифрлық кәмелетке толу” тұжырымдамасы белгілі бір контент түрлеріне қолжетімділікті шектеуді қарастырады. Цифрлық ортадан мүлде аластау мақсаты жоқ. Тіркелу кезінде төлқұжат деректерін қолдану қосымша кедергі ретінде қарастырылуы мүмкін. Алайда оның 100% тиімді болатынына кепілдік беру мүмкін емес”, – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, жасты растаудың қарапайым тәсілдері, мәселен, туған күнді көрсету, көбіне нәтиже бермейді. Себебі қолданушы кез келген жасты көрсете алады немесе ересектердің аккаунты арқылы тіркелуі мүмкін. Соған қарамастан, ішінара шектеулердің өзі балалардың зиянды контентке қолжетімділігін азайтуға көмектеседі.

Сондай-ақ депутат қазір ірі цифрлық платформалар күрделірек тетіктерді қолданып жүргенін айтты. Мысалы, аккаунттардың мінез-құлқын талдау арқылы балалар аудиториясын ересектерден ажыратып, соған сәйкес контентті реттейді.

Смышляеваның пікірінше, балаларды зиян ақпараттан қорғауда негізгі рөлді мемлекеттік тыйымдар емес, цифрлық платформалардың өзі атқаруы тиіс.

“Цифрлық ортада бір нәрсеге тыйым салу техникалық тұрғыда мүмкін емес, оның табиғаты мүлде басқа”, – деді депутат.

Қазір цифрлық ортаны реттеудің ықтимал тетіктерін талқылау жалғасып жатыр.