Жаңа заңға сәйкес, фонограмамен ән шырқағаны үшін өнер адамына 432 мың 500 теңге, ал сол концертті ұйымдастырған тұлғаға 648 мың 750 теңге айыппұл салынады.
Фото: Pixabay.com
ERNUR.KZ. Енді елімізде концерттерде фонограмманы заңсыз пайдаланған әншілерге айыппұл салынады. Өнер адамымен бірге мерекелік шараны ұйымдастырушылар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Өнер иелері дайын, дауысы басылған жазбаны қолданғысы келсе, билет сатылғанға дейін бір ай бұрын мұны көрерменге хабарлауы керек, деп жазады stan.kz.
Жаңа заңға сәйкес, фонограмамен ән шырқағаны үшін өнер адамына 432 мың 500 теңге, ал сол концертті ұйымдастырған тұлғаға 648 мың 750 теңге айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде тағы қайталанса, айыппұлдың мөлшері де еселенеді. Бұл көрерменнің ақысын ақтау үшін жасалған қадам дейді жауапты ведомства өкілдері.
Тыңдармандар қазір билеттің де бағасы оңайға соқпайтынын айтады. Балконда тұрып тыңдаудың өзі 10-12 мың теңге болса , алдыңғы қатарлардың құны тіптен қымбат. Алайда көпшілік мәселе билет құнында емес, ақысын төлеп барған соң, көрерменге құрмет пен шынайы өнер күтеміз дейді. Халық жанды дауыстағы әндерді жиі тыңдағысы келеді.
Өнер майталмандары жанды дауыста ән айтуға дайын. Бірақ еліміздің кей өңірінде концерт өткізуге қажетті сапалы техника мен мамандар жетіспейтінін айтады.
“Фонограммамен айтып үйренгендер солай айтып жүре берсе де, ешқандай шектеу жоқ қой. Тек көрерменді ескертіп отырса болды. Сосын халық өзі кімді тыңдайтынын іріктеп алады ғой. Негізі бірталай тазарту болады деп ойлаймын”, – деді концерт ұйымдастырушысы Ғабит Кәдірбай.
Дегенмен фонограммаға түбегейлі қарсылық жоқ. Телебағдарламалар мен концерт өткізуге қолайсыз жерлерде дайын жазбаны қосуға болады.


