Аталған қызмет түрі уақытты үнемдеуге және нақты көрсеткіштерге сүйене отырып газ төлемін дәлірек есептеуге мүмкіндік береді.
Фото: Электрондық үкімет
ERNUR.KZ. eGov Mobile-да газ есептегіш көрсеткіштерін жіберетін жаңа сервис іске қосылды, деп жазады inform.kz.
Аталған қызмет түрі уақытты үнемдеуге және нақты көрсеткіштерге сүйене отырып газ төлемін дәлірек есептеуге мүмкіндік береді.
— Сервистің негізгі ерекшелігі — көрсеткіштерді жасанды интеллект арқылы автоматты тексеру. Жүйе есептегіштің фотосын енгізілген деректермен салыстырып, сәйкессіздіктерді жібермей тұрып анықтайды. Бұл қолмен енгізу кезіндегі дәлсіздіктерді болдырмайды, пайдаланушыны қате есептеулерден қорғайды және контролер тарапынан қосымша тексеру қажеттілігін азайтады, — делінген хабарламада.
Сервисті пайдалану үшін:
- eGov Mobile қосымшасына кіру;
- «Сервистер» бөліміне өтіп, «QazaqGaz Aimaq» сервисін таңдау;
- деректерді ұсынуға келісім беріп, көрсетілген мәліметтерді тексеру;
- жеке шот нөмірін енгізу, жүйе оған тіркелген есептегіштер тізімін көрсетеді;
- қажетті есептегіш бойынша өзекті көрсеткіштерді енгізу;
- әр есептегіштің фотосын жүктеу, жасанды интеллект деректерді салыстырады;
- «Көрсеткіштерді жіберу» батырмасын басу.
Сервиске қосымшаның басты бетіндегі арнайы баннер арқылы да өтуге болады.
Көрсеткіштер ай сайын 25-інен келесі айдың 5-іне дейін қабылданады. Онлайн жолдау қолмен енгізу кезіндегі қателіктерді азайтады, газ тұтынуды дәлірек есепке алуға мүмкіндік береді және деректердің мемлекеттік цифрлық платформа арқылы қауіпсіз берілуін қамтамасыз етеді.


