Электрсамокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салынды: жаңа ережелер күшіне енді

0
102

Электрсамокат жүргізушілері бірінші кезекте велосипед жолдарымен және веложолақтармен жүруі тиіс.


Электрсамокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салынды: жаңа ережелер күшіне енді

Фото: Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

ERNUR.KZ. 25 тамыздан бастап Қазақстанда электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында қозғалуына тыйым салынды, деп жазады tengrinews.kz.

Енді қай жерде жүруге болады?

Электрсамокат жүргізушілері бірінші кезекте велосипед жолдарымен және веложолақтармен жүруі тиіс.

Егер олар болмаса, қозғалысқа Жол жүрісі қағидаларында көзделген жағдайларда жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен рұқсат етіледі.

Осылайша, электрсамокатпен тротуарда сағатына 6 шақырым жылдамдықпен жүруге болатын үйреншікті нұсқа 25 тамыздан бастап бұдан былай қолданылмайды.

Жолдың жүру бөлігіне кімдер шыға алады?

Электрсамокатпен жолға шығуға тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі мен қорғаныс шлемі бар адамдарға ғана рұқсат етіледі.

Тәуліктің қараңғы уақытында жарық қайтарғыш элементтерді пайдалану да міндетті.

Бұл ретте жаяу жүргіншілер өткелінен электрсамокаттан түспей өтуге тыйым салынады.

Жалға берілетін самокаттар үшін не өзгерді?

Жаңа талаптар тек пайдаланушыларға ғана емес, сонымен қатар электрсамокаттарды жалға беретін компанияларға да қатысты.

Анықтама: Кикшерингтік компаниялар - бұл электрсамокаттарды қысқа мерзімді жалға беру қызметтері. Пайдаланушы самокатты мобильді қосымша арқылы тауып, жолақысын төлейді және жалдау мерзімі аяқталған соң оны қалдырып кетеді.

Жалға берілетін электрсамокаттардың тіркеу нөмірлері болуы және олар сақтандырылуы тиіс. Сондай-ақ кикшерингтік компаниялар самокаттардың техникалық жай-күйін, жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға міндетті.

Бұдан бөлек, 1 шілдеден бастап сервистер жаңа ережелерде көзделген жағдайларда пайдаланушылардың жасын және оларда жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруге міндетті.

Тәртіп бұзғандар жауапкершілікке тартылады

Жаңа ережелердің сақталуын полицейлер де, кикшерингтік сервистер де қадағалайды. Егер самокат қозғалысқа тыйым салынған аймаққа кірсе, жүйе оның жылдамдығын автоматты түрде төмендетіп, содан кейін тоқтатады. Сонымен қатар жүргізуші куәлігі жоқ пайдаланушылар самокатты жалға ала алмайды.

Ережені бұзғаны үшін Электрсамокат жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Полиция пайдаланушыларға жаңартылған жол жүрісі қағидаларын сақтау қажеттігі туралы бұған дейін ескерткен болатын.

Жаңа талаптар жол жүрісі туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер аясында енгізілуде. Олардың мақсаты - қозғалыстың барлық қатысушылары, соның ішінде жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіздікті арттыру.