10 қазан күні "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ (ҰАТ) өкілдері хабарлағандай, бұл өзгерістер ақпараттық қауіпсіздік пен пайдаланушыларды қорғау мақсатында енгізілді.
Фото: pexels
10 қазан күні "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ (ҰАТ) өкілдері хабарлағандай, бұл өзгерістер ақпараттық қауіпсіздік пен пайдаланушыларды қорғау мақсатында енгізілді.
"Енді электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүйеге кірудің бірінші кезеңінен кейін пайдаланушы өз жеке басын 1414 нөмірінен келетін SMS-код арқылы растауы тиіс. Өзгерістер eGov.kz порталына, сондай-ақ оның құрамдас бөліктері — eOtinish және "Ашық үкімет" сервистеріне де қатысты", – делінген хабарламада.
Агенттік түсіндіргендей, авторизацияның екінші кезеңі пайдаланушының ЭЦҚ кілті жоғалған немесе үшінші тұлғалар заңсыз қол жеткізген жағдайда қорғаныс қызметін атқарады. Бұл үшін пайдаланушының eGov.kz порталындағы жеке кабинетімен байланыстырылған телефон нөмірі арқылы жеке басын растау қажет.
Егер 1414-тен SMS келмесе не істеу керек
"SMS-кодтарды дұрыс алу үшін пайдаланушы өз телефон нөмірінің eGov.kz порталындағы жеке кабинетке тіркелгеніне көз жеткізуі керек. Егер нөмір тіркелмеген болса, 1414-тен хабарламалар келмейді", – деп түсіндірді ҰАТ өкілдері.
Телефон нөмірін тіркеу жөніндегі толық нұсқаулықпен eGov.kz порталында танысуға болады.
SMS-кодсыз кірудің баламасы бар ма
Пайдаланушылар eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы да жүйеге кіре алады. Ол үшін порталдың авторизация бетінде көрсетілген арнайы QR-кодты eGov Mobile қосымшасы арқылы сканерлеу қажет.
Егер пайдаланушы шетелде болса
1414 нөмірінен SMS-хабарламалар тек халықаралық роуминг қосылған жағдайда ғана келеді. Сондықтан шетелде eGov.kz порталындағы мемлекеттік қызметтерді пайдаланбас бұрын роуминг қызметінің белсенді екенін тексеру ұсынылады.
Маңызды!
Электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) басқа адамдарға беруге болмайды. ЭЦҚ – жеке тұлғаның жеке қолтаңбасына тең заңды құрал, сондықтан оны үшінші тұлғаға беру әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
"ЭЦҚ арқылы құжаттарға ұйым атынан тек басшы немесе ұйым ресми түрде уәкілеттік берген тұлғалар ғана қол қоя алады. Әркім өз атына берілген ЭЦҚ-ны пайдалануы тиіс. Доверенность тек сол адамның ұйым атынан қол қою құқығын растайды", – деп ескертті ұйым өкілдері.
Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер басқа адамға өз атынан құжаттарға қол қоюға ресми түрде өкілдік беруге құқылы. Бірақ әрқайсысы тек өз атына берілген ЭЦҚ-ны қолдануы тиіс.
ЭЦҚ-ны заңсыз бергені үшін айыппұл мөлшері
ЭЦҚ пайдалану ережелерін бұзғандарға келесі айыппұлдар қарастырылған:
- жеке тұлғаларға — 50 АЕК (196 600 теңге);
- лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес және үкіметтік емес ұйымдарға — 100 АЕК (393 200 теңге);
- орта бизнес субъектілеріне — 150 АЕК (589 800 теңге);
- ірі бизнес субъектілеріне — 200 АЕК (786 400 теңге).
ҰАТ атап өткендей, жаңартылған авторизация тәртібі жеке және заңды тұлғалардың барлығына қатысты.
Айта кетейік, 30 қыркүйекте қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтерді алу және электрондық үкімет жүйелерімен өзара әрекеттесу үшін Мобильді азаматтар базасында тіркелу қажеттігі ескертілген болатын.