Құрылтай кулуарында журналистер депутаттарға сұрақ қоя алмайды.
фото: Sputnik / Санат Имангалиев
ERNUR.KZ. Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков журналистердің депутаттармен жұмыс істеу форматына қатысты түсініктеме берді, деп жазады sputnik.kz.
Оның айтуынша енді журналистер депутаттармен және шақырылған үкімет мүшелерімен тек баспасөз орталығында және Құрылтайдың күн тәртібі аясында жұмыс істейді.
"Брифингтер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Баспасөз қызметі брифингке қатысушылар мен оның тақырыбын алдын ала хабарлайды. Баспасөз орталығында БАҚ өкілдерінің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған: Wi-Fi, ыңғайлы жұмыс орындары бар, ілеспе аударма жасалады", – дейді Болат Кальянбеков.
Негізгі мақсат – Құрылтайда қаралатын заң жобаларының мәнін қоғамға барынша түсінікті әрі толық жеткізу, әрбір құқықтық жаңашылдықтың маңызын ашып көрсету және қабылданатын шешімдердің азаматтардың өміріне қалай әсер ететінін түсіндіру.
"Егер журналистердің депутаттарға Құрылтай күн тәртібіне қатысы жоқ сұрақтары болса, олар Құрылтайдың немесе саяси партиялардың баспасөз қызметтеріне жүгіне алады. Баспасөз қызметі депутатпен жедел түрде сұхбат ұйымдастыруға көмектеседі", – деді аппарат басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, кейбір БАҚ өкілдері бұл мүмкіндікті қазірдің өзінде пайдаланып үлгерген. Баспасөз қызметі тарапынан оларға қажетті қолдау көрсетілген.
"Құрылтайда ұсынылып отырған жаңашылдықтар Қазақстан заңнамасына және БАҚ-ты аккредиттеудің үлгілік қағидаларына толық сәйкес келеді. Жоғарыда аталған тәсілдер бекітілетін жаңа аккредиттеу қағидалары Құрылтай бюросында қабылданады. Сонымен қатар Құрылтай ғимараты күзетілетін нысан екенін атап өткен жөн. Ғимаратта баршаға міндетті өткізу және нысанішілік режим талаптары қолданылады", – деді ол.
Кальянбеков мұндай тәсіл әлемдік тәжірибеде де қолданылатынын атап өтті.
"Әлемнің жетекші парламенттерінде БАҚ өкілдерінің депутаттармен өзара іс-әрекеті, әсіресе сұхбат алу, телевизиялық тікелей қосылымдар мен түсірілімдер жүргізу арнайы белгіленген алаңдарда ұйымдастырылады. Бұл журналистерге кәсіби жұмыс істеу үшін қажетті жағдай жасап, Құрылтай депутаттарымен коммуникацияны жүйелі әрі ұйымдасқан сипатқа көшіруге мүмкіндік береді", – деді Құрылтай аппараты басшысының орынбасары.


