Көктемнің ерте келуі және қолайлы ауа райы жағдайлары Қазақстанда кенелердің белсенділігінің артуына әкелді.
ERNUR.KZ. Маусым басталғалы бері кене шағуына байланысты 13 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінген, олардың 45%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар кене энцефалитінің 24 жағдайы тіркелді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Ауру жағдайлары Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында тіркелген.
Медициналық көмекке жүгіну бойынша ең көп жағдайлар Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тіркелді.
«Эпидемиологиялық қадағалау аясында кене энцефалитіне күдікпен 454 адам тексерілді, зертханалық жолмен 24 жағдай расталды. Сонымен қатар адамдардан алынған 1200-ден астам кене зерттелді. Оның 20-сында, яғни зерттелген кенелердің жалпы санының 1,7%-ында кене энцефалиті вирусына оң нәтиже анықталды», – деді спикер.
Кенеге қарсы иммуноглобулинмен шұғыл профилактика 12 мыңға жуық адамға жүргізілді, бұл зардап шеккендердің жалпы санының 90%-дан астамын құрайды.
Қазіргі уақытта эндемиялық өңірлерде шамамен 16 литр иммуноглобулин қоры бар. Маусым аяқталғанға дейін үздіксіз қорды қамтамасыз ету үшін эндемиялық өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары қосымша 31 литрден астам иммуноглобулин сатып алуға өтінім берді.
Кене энцефалитіне қарсы жоспарлы вакциналау орманшыларға, қорықшыларға, аңшыларға және басқа да тәуекел тобына жататын адамдарға жүргізіледі. Жыл басынан бері кене энцефалитіне қарсы 9 мыңнан астам адам вакцина алды.
Кене энцефалитінің табиғи ошақтарында кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Кенелердің белсенділік маусымы әлі де жалғасуда. Сондықтан қазақстандықтарға орман, саябақ және басқа да табиғи аумақтарға барған кезде алдын алу шараларын сақтау ұсынылады. Кененің теріге жабысуына барынша жол бермейтін киім кию қажет: ұзын жеңді жейде, шалбарды шұлықтың ішіне салып кию ұсынылады. Бас пен мойынды орамалмен, биік жағалы киіммен, капюшонмен немесе басқа да қорғаныш құралдарымен жабу керек.
«Репелленттерді міндетті түрде пайдалану және киім мен дененің ашық жерлерін үнемі тексеріп отыру қажет. Егер теріге жабысып қалған кене анықталса, оны қауіпсіз алып тастау және шұғыл профилактика жүргізу мәселесін шешу үшін мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгіну керек. Егер кене шаққаннан кейін дене қызуы көтерілсе, бас ауырса, әлсіздік немесе басқа да белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгініп, міндетті түрде кене шаққанын айту қажет», – деп толықтырды Сархат Бейсенова.


