Мейіргер ісі жөніндегі штаттан тыс бас маман Күлзи Әбенованың айтуынша, мейіргердің рөлін кеңейту ауруларды ерте анықтауға және пациенттердегі асқынуларды азайтуға ықпал етеді.
ERNUR.KZ. Қазақстанның медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында мейіргерлік қабылдау енгізілді - бұл ең алдымен дәрігерді әдеттегі функциялардан босатып, дәрігерлік көмектің қолжетімділігін арттыруға, пациенттерді маманға жүгінген кезде зерттеу нәтижелерімен және дәрілік заттарды уақтылы берумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи тәжірибе, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Мейіргер ісі жөніндегі штаттан тыс бас маман Күлзи Әбенованың айтуынша, мейіргердің рөлін кеңейту ауруларды ерте анықтауға және пациенттердегі асқынуларды азайтуға ықпал етеді.
Мейіргерлік диагноздың дәрігердікінен айырмашылығы неде?
Мейіргер дәрігерлік диагноз қоймайды. Оның орнына ол мейіргерлік диагнозды анықтайды, яғни сауалнама мен тексеру кезінде анықталған пациенттің нақты шағымы немесе проблемасы. Бұл, мысалы, «ұзақ жөтел», «қышу», «аяқтың ісінуі»«қан қысымның жоғарылауы» және т. б.
Бұл мейіргерлік диагноз кодтарын бекітетін №149 бұйрықпен ресми түрде реттеледі және олар дәрігерлердікімен сәйкес келмейді.
Мейіргер келесіні өткізеді:
● дәрігерге дейінгі тексеру - қан қысымын, бойды, салмақты өлшеу, теріні, лимфа түйіндерін, ісіктерді тексеру;
● ауыз қуысы мен сүт бездерін тексеру-онкологиялық аурулардың белгілерін анықтау;
● сауалнама және тексеру парақтары - өкпе обыры, асқазан-ішек жолдары, жүрек және қан тамырлары ауруларының қаупін бағалау;
● инфаркт пен инсульт бойынша қауіп топтарын анықтау: семіздікті анықтау, қан қысымын өлшеу, ЭКГ-ге жіберу, холестерин, липидті спектрге тексеру;
● қант диабеті сияқты созылмалы аурулары бар пациенттерді қадағалап-қарау: қантты бақылау, аяққа күтім жасау, тамақтану бойынша ұсынымдар.
● сауалнамалар жүргізу: тамақтану, ұйқының бұзылуы, салмақ жоғалту немесе салмақ қосу және т. б.;
● пациенттерді скринингтер мен вакцинациялауға шақыру;
● созылмалы аурулары бар динамикалық бақылауда тұрған пациенттерді бақылаудың қосымша жоспарын жасау;
Мейіргер тағайындаулар жасай ала ма?
Мейіргердің дәрі-дәрмектерді өз бетінше тағайындауға құқығы жоқ, бірақ дәрігер бұрын тағайындаған дәрі-дәрмектерге, әсіресе диспансерлік есепте тұрған пациенттерге (мысалы, гипертониямен немесе қант диабетімен) электрондық рецепт жаза алады. Егер көрсеткіштер қалыпты болса - пациент дәрігерге бармайды, бірақ дәрі-дәрмекті мейіргер арқылы алады.
Мейіргер пациенттерді келесіге үйретеді:
• дұрыс тамақтану (әсіресе қант диабеті үшін);
• денеге, теріге, тырнаққа күтім жасау, дұрыс аяқ киімді таңдау;
• асқынулардың алдын алу, мысалы, қант диабеті кезінде аяққа қалай күтім жасау керек.
Кеңейтілген практика мейіргерінің жұмысының тиімділігі дәрігердің кезегін азайту, пациенттердің уақытын үнемдеу, дәрігерлердің ауыр пациенттерге көбірек көңіл бөлуі, дәрігердің қабылдауын күтпестен клиникалық-диагностикалық зертханаға жедел жолдама алу сияқты бірқатар артықшылықтарды көрсетті.
Денсаулық сақтау министрлігі Кәсіби өсудің көп деңгейлі жүйесін енгізуде: кіші мейіргер → жалпы практика мефіргері → кеңейтілген өкілеттігі бар мейіргер.
Жаңа формациядағы мейіргер дәрігердің тең құқылы әріптесі болуы керек, пациенттің ықтимал және басым мәселелерін шешу үшін өзінің құзыреттілігі мен дағдыларын арттыруы керек.