Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шектесетін Жәнібек ауданында ұшқышсыз ұшатын құрылғының сынықтары табылғаны жөнінде дерек тіркелді.
Фото: polisia.kz
ERNUR.KZ. Жәнібек ауданы әкімдігінен мәлім еткеніндей, оқиға 24 наурыз күні Ұзынкөл ауылдық округі аумағында болды, деп жазады  kaz.inform.kz.
Ауыл тұрғыны елді мекеннен шамамен 8 шақырым қашықтықта белгісіз ұшқышсыз ұшатын құрылғы бөлшектерінің табылғаны жөнінде хабарлаған.
“ Аталған оқиға бойынша тергеу тобы барып, қарау кезінде ұшқышсыз ұшатын құрылғының бөлшектері табылды. Қазіргі уақытта оқиға орны қоршауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде ”, - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі уәкілетті қызметтермен бірлесіп, тексеру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді. Нысан елді мекеннен алыс жерден табылған.
Оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде.
Бұл – Батыс Қазақстан облысында болған үшінші оқиға. Бұдан бұрын 18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылы маңында ұшқышсыз ұшатын аппаратқа ұқсас құрылғы құлаған еді. Осындай жағдай 18 наурызда Тасқала ауданында қайталанды.
            
 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
