2-5 жастағы бүлдіршіндердің де үйден кетіп қалған кездері болған.
Фото: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Жамбыл облысының полициясы балалардың үйден кету фактілерінің жиілеуіне байланысты ата-аналарға үндеу жасады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
ІІМ ақпаратынша, Жамбыл облысында жыл басынан бері 260 бала үйінен кетіп қалған. Мұндай әрекетке көбіне 11-15 жастағы балалар жиі барған. Осы жастағы жасөспірімдердің үйден кетуі бойынша 180 дерек тіркелген.
«Бұл – баланың белсенді түрде есейіп, мінезі мен көзқарасы қалыптасатын кезең. Мұндай уақытта балаға ересектердің түсінігі мен қолдауы ерекше маңызды», - дейді полиция.
16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер бойынша 72 дерек, ал 6-10 жастағы балалар арасында 24 жағдай тіркелген. Сондай-ақ 2-5 жас аралығындағы бүлдіршіндердің де үйден кетіп қалған кездері болған.
«Көп жағдайда балалардың үйден кетуі эмоциялық себептермен байланысты. Ең басты себеп — отбасындағы жанжал. Мұндай 104 дерек тіркелген. Кейбір балалар қиын әлеуметтік және тұрмыстық жағдайларға байланысты үйден кеткен. Кәмелетке толмағандардың басым бөлігі – 220 бала – мектеп оқушысы, 45-і колледж студенттері, ал 13 бала білім беру процесіне тартылмаған», - делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай болмас үшін ата-ана баламен ашық сөйлесіп, оған сенім артып, мінезіндегі өзгерістерді дер кезінде байқауы керек.
Жамбыл облысының полициясы ата-аналарға балаларына қамқор болып, қолдау көрсетудің маңызды екенін еске салды.


