«Бір ұшы бізге де тиеді»: «қыркүйек» пен «қыргүйектің» дауына Ерлан Қарин араласты (ВИДЕО)

0
73

​Осы сөздің қалай жазылатынын түсіну үшін Қазақстан жаңа Орфографиялық сөздік жазып шығатын болды.


«Бір ұшы бізге де тиеді»: «қыркүйек» пен «қыргүйектің» дауына Ерлан Қарин араласты (ВИДЕО)

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Қазір Қазақстанда қыркүйек айының өзі де, атауы да «қызып» тұр. Ауқымды шаралардан бөлек қазақстандықтар әлеуметтік желіде дауласып жатыр: біразы оқулықтың ішіндегі «қыргүйек» сөзінің қате екенін айтса, енді бірі тіл заңына сай солай жазылады дейді. Бұл мәселе жуырда ғана қызметіне кіріскен вице-президент Ерлан Қариннің де құлағына жетіп, ақыры ғалымдармен кеңес өткізген, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ерлан Қариннің сөзінше, «қыркүйек» пен «қыргүйек» нұсқасына қатысты талас тек тіл мамандары мен әдеби орта ғана талқылайтын мәселе емес.

«Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, оның дұрыс қолданылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас», – деп жазған ол әлеуметтік желідегі парақшасына.

Қарин «мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да» дей келе, кез келген сөздің қазақ тілінде дұрыс жазылуына осы саланың мамандары мен ғалымдар жауапты деді. Ал мемлекеттің міндеті – соған қажетті жұмысты үйлестіріп беру ғана. Қариннің өз кабинетіне шенеунік пен ғалымдарды жинап алғаны да содан екен. Осылайша, бұл сөздің қалай жазылатынын ереже арқылы бекіту үшін вице-президент пен тіл мамандары жаңа орфографиялық сөздік керек деген шешімге келген.

«Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік. Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекиді», - деді Қарин.

Айта кетейік, Қазақстанның соңғы орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан екен.

Естеріңізге сала кетейік, бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да пікірін айтып, өз басы «қыркүйек» сөзін «к» әрібімен жазамын деген еді.