"Бір сағатта жетіңдер": Шұғыл шақыртуға асыққан екі өрт сөндіруші жол апатынан қаза тапты

0
72

Абай облысында жантүршігерлік жол апатынан қаза болған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерін туыстары бүгін ақтық сапарға шығарып салды.


Фото: Видеодан скрин | Ермек Сыдықов пен Арнұр Әдікенов
ERNUR.KZ. Абай облысында шұғыл шақыртуға асыққан екі өрт сөндіруші жол апатынан көз жұмды. Марқұмдардың туыстары қайғылы жағдайға басшылықтың тапсырмасы себеп болуы мүмкін деп отыр. Айтуларынша, Семей мен Курчатов арасындағы 130 шақырымдық жолды бір сағатта жүріп өту талап етілген, деп жазады Stan.kz.

Абай облысында жантүршігерлік жол апатынан қаза болған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерін туыстары бүгін ақтық сапарға шығарып салды. Азаматтық қорғау саласында еңбек еткен Ермек Сыдықов пен Арнұр Әдікеновтың артында кәмелетке толмаған балалары қалды. Жақындары атпалдай азаматтар шұғыл шақыртуға асығып, жол апатына ұшырады деп отыр. Сондықтан жолдың қашықтығын біле тұра, бір сағатта жетуді талап еткен басшылардың әрекетіне құқықтық баға берілуін қалайды.

Өрт сөндіруші Ермек Сыдықов бейнебақылау камерасына іліккен жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқандардың бірі. Семей-Курчатов тасжолында екі көлік бетпе-бет соқтығысып, 36 жастағы азамат оқиға орнында көз жұмды. Жан дегенде жалғыз ұлынан айырылған ана Анар Сыдықова ұлы Ермектің шұғыл шақыртуға асыққанын айтады.

"Жет“ деді бір сағатта. Олар ұшып кетті. Бұйрыққа бағынамыз деп қыршынынан жанын қиып отыр менің балам. Оған кім кінәлі? Қызметтік тексерік болса, анық-қанығын сот өкілдері шешеді деп ойлаймын. Баламның ешкім орнын толтыра алмайды. Баламды ешкім маған қайтара алмайды. Баламның несиесін жауып, артында қалған ұрпағына, кішкентай кәмелетке толмаған балаларына көмек көрсетсін деп сұраймын. Жалғыз асыраушысы ұлым болған", – деді марқұмның анасы.

Марқұмның артында жұбайы мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды. Осы апатта Ермектің жанында отырған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Арнұр Әдікенов те қаза болды. 33 жастағы азаматтың артында әйелі мен бір баласы қалды.