Құтқарылған баланың ата-анасы Нұралыны қонаққа шақырып, бағалы сыйлық тарту еткен
фото: Пресс-служба акима Карагандинской области
ERNUR.KZ. Қарағанды қаласының 13 жастағы тұрғыны Нұралы Әлхан 4 жасар баланы ажалдан аман алып қалды, деп жазады sputnik.kz.
Нұралы Әлхан Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғы көліне демалуға барған.
"Отбасылық достарымызбен демалуға барғанбыз. Сол маңда басқа да демалып жүрген отбасы болды. Балалары үрлемелі матрацқа мініп, көлде жүзіп жүрген. Кейін үлкендеу балалар судан шығып кетіп, 4 жасар бала матраста жалғыз қалған. Жел матрацты көлдің ортасына қарай алып кеткен", – дейді Нұралының анасы Самал Әбдірахманова.
Сол сәтте Нұралы інісі екеуі көл жағасында балық аулап отырған. Баланың отырған матрацын Нұралының інісі байқап қалып, ағасына айтқан.
"Нұралы көзілдірік тағады. Алдымен матрац қана деп ойлаған. Көзілдірігін тағып қараса, үстінде бала отырғанын көрген. Содан жалма-жан құтқаруға кіріскен", – дейді анасы.
Бала отырған матрац жағадан алыстап кеткен. Нұралы сол сәтте қорықпағанын, баланы құтқару керек екенін ойлағанын айтады.
"Мен матрацты жағаға алып шығамыз деп ойладым. Жүзіп барып, жақындап қалғанымда матрац толқып кетіп, бала суға құлап кетті. Ол бір-екі рет талпынды да, су астына батып кетті. Мен жанталасып баланы судың бетіне алып шықтым. Бірақ бала менің үстіме жатып алғандықтан, салмағын көтере алмай, бір қолыммен малтыдым", – дейді Нұралы Әлхан.
Екі бала өмір үшін жанталасып, жағаға қарай жылжи берген. Сол сәтте үрлемелі шармен 20 жастағы жігіт келіп, балаларды алып жағаға жүзіп шыққан.
Суға тұншыққан бүлдіршіннің денесі көгеріп, құсқан. Кейін оған қажетті көмек көрсетілген.
Құтқарылған баланың ата-анасы Нұралыны қонаққа шақырып, бағалы сыйлық тарту еткен.
Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті Нұралыны "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен марапаттап, оған велосипед сыйлады.


