Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайына, ғимараттардың, инженерлік коммуникациялардың, ас блоктары мен медициналық пунктілердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады.
ERNUR.KZ. 2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын, балалар болатын объектілерге мемлекеттік бақылау жүргізудің ерекше тәртібін көздейтін Заңға қол қойды. Ол 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа механизм тиісті объектілердің қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді. Оның ішінде объектілерге барып мониторинг жүргізу және алдын ала хабарламай, кенеттен тексеру жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.
«Ағымдағы жылдың маусым айында осы тетік аясында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілді. Мониторингпен мектептердің 99%-ы, мектеп ас блоктарының 95%-ы, медициналық пункттердің 96%-ы және мектеп-интернаттардың 99,2%-ы қамтылды. Мониторинг нәтижесінде көптеген объектіде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Олардың бір бөлігін білім беру ұйымдарының басшылары жаңа оқу жылына дайындық барысында өз күштерімен жоя алады және бұл үшін қомақты қаржы қажет емес», – деді спикер.
Сонымен қатар жою үшін қаржылық ресурстарды қажет ететін бұзушылықтар да бар. Ең алдымен, бұл инженерлік желілерді, шатырларды, желдету, жылыту және сумен жабдықтау жүйелерін жөндеу, сондай-ақ ас блоктары мен медициналық пунктілерді жөндеу және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері. Осыған байланысты бюджет бағдарламаларының әкімшілеріне анықталған бұзушылықтарды жою үшін қаржы бөлу қажеттілігі туралы 287 мектеп пен 11 мектеп-интернатқа қатысты 24 жеке ұсыным енгізілді.
Мониторинг нәтижесінде 2 087 ас блогында бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 1 168 мектептің ас блогында және 45 мектеп-интернаттың ас блогында санитариялық-техникалық жағдайдың қанағаттанарлықсыз екені және технологиялық әрі тоңазытқыш жабдықтардың жеткіліксіздігі анықталды. Бұзушылықтардың көбі Түркістан облысында -259, Қарағанды облысында – 163, Алматы қаласында – 123 және Қызылорда облысында - 115 анықталды. Бұл – міндетті түрде жойылып, тұрақты бақылауда болуы тиіс мәселелер.


