"Баламды өлтірген адам бостандықта жүр": Жамбыл облысында ана әділдік іздейді

0
123

Мотоцикл рулінде отырған бала аман қалып, марқұмның денесінің сау-тамтығы қалмайды.


фото: Sputnik/Ертай Сарбасов

ERNUR.KZ. Баламды көлікпен қағып кетті, алайда тергеу дұрыс жүрмей жатыр. Осылай деп әділдік іздеген Жамбыл облысының тұрғыны сұхбат берді, деп жазады sputnik.kz.

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Түймекент ауылында 1 мамырда болған жол апаты Қуанбаевтардың отбасына қара жамылдырды. Үйдің тұңғышы - 15 жастағы Елдар Қуанбаев жол апатынан қайтыс болды. Жайылымда жүрген малды көруге мотоциклмен шыққан екі баланы көлік қаққан.
"Мотоцикл рулінде басқа бала болған. Ал менің ұлым арт жағына мінгескен. Оқиға таңғы сағат 10:00 шамасында болған. Балалар кетіп бара жатқанда екі көлікті басып озып келе жатқан бір көлік келіп балаларды оңдырмай соққан. Ол көлік рөлінде осы ауылдың 24 жастағы тұрғыны отырған", - дейді марқұм жасөспірімнің анасы Қарлығаш Аманбаева.
Мотоцикл рулінде отырған бала аман қалып, Елдардың денесінің сау-тамтығы қалмайды. Ал соққан көлік екпінмен барып ағашқа соғылады. Алайда жүргізуші аман қалады.
"Соққан жігіт оқиға орнынан қашып кеткен. Ал полиция бізді ешбір шақырып, іс туралы мәлімет айтпаған соң, 10 мамыр күні өзіміз бардық. Бірақ бізге полиция "жаңағы соққан көліктің жүргізушісі жәбірленуші болып, мотоциклдегі бала кінәлі болады" деп шығарып салды. Ал кінәлі жүргізушінің екі көлікті жоғары жылдамдықпен басып озғанын сол жерде болған куәгерлер айтты", - дейді Қарлығаш Аманбаева.
Елдар шұғыл ауруханаға жіткізіледі, онда баланың аяғын кесу керектігін айтқан. Облыс орталығынан дәрігерлер шақырып, Байзақ аудандық ауруханасында баланың аяғын кеседі.
"Баламның аяғы үгітіліп кеткен. Ал анау соққан жігіттің атасы беделді адам, жазадан құтылып кетеді деп жатыр. Бұл жігіт былтыр да жол апатына түсіп, қасындағы досы қайтыс болған. Баламның жаназасында маған ауыл адамдары келіп, ол жігіттің бұл жол апатында да кінәлі болғанын, бірақ жазадан құтылып кеткенін айтты", ‑ дейді қара жамылған ана.
Елдар 5 мамырда қайтыс болды. Көпбалалы ана Қарлығаш Аманбаева сап-сау жүрген тұңғышын жер қойнына тапсырып, аңырап қалады.
"Менің айтарым, кінәлі адам әділ жазасын алсын. Ол жігіт тайраңдап үйінде жүр, тіпті қамалған да жоқ. Кешірімді ата-анасы мен апасы бір екі күн бұрын келіп сұрады. "Баламды кешіріңдер, жағдайымыз жоқ" деп жарты сағат отырып бір нәрселерін айтты да кетті", - дейді анасы.
"1 мамыр күні "Түймекент-Сарыкемер" тас жолында орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық Кодекстің 345-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жол апатының салдарынан мопедтің кәмелетке толмаған жолаушысы ауруханада қайтыс болды. Көлік құралдары айып тұрағына қойылды", - дейді облыстық полиция департаментінде.
Полицияның айтуынша, сараптама жасалған, қорытындысы дайын емес. Нәтижесіне қарай шешім қабылданады.