«Бәйтеректен» бөлінетін 8 трлн теңге ЖІӨ-нің өсуіне қосымша 1,3% үлес қосады

0
142

Үкімет экономиканың нақты секторын қарқынды дамыту мақсатында «Бәйтерек» холдингін капиталдандыруды 1 трлн теңгеге ұлғайтып отыр.


«Бәйтеректен» бөлінетін 8 трлн теңге ЖІӨ-нің өсуіне қосымша 1,3% үлес қосады

ERNUR.KZ. Кәсіпкерлікті қолдау, негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін «Бәйтерек» холдингі 8 трлн теңге бөледі. Ол биыл елімізде ЖІӨ-нің нақты өсуіне қосымша 1,3% үлес қосады. Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Қазақстан экономикасының өсуін қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында «Бәйтерек» холдингінің негізгі экономикалық көрсеткіштері мен инвестициялық жобалары қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Үкімет экономиканың нақты секторын қарқынды дамыту мақсатында «Бәйтерек» холдингін капиталдандыруды 1 трлн теңгеге ұлғайтып отыр. Бұл холдингке кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамытуға және негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыруға шамамен 8 трлн теңге бөлуге мүмкіндік береді. Штаб отырысында холдинг төрағасының орынбасары Жандос Шайхы бірінші тоқсанда 1,2 трлн теңге игерілгенін айтты. Ал жоспар бойынша 1 трлн теңге болатын. Бұдан басқа, биыл «Бәйтерек» арқылы іске қосылатын жобалардың жалпы қосылған құнының көлемі 521,5 млрд теңге.

Жобалардың ең үлкен инвестициялық пулы Қазақстанның даму банкінде шоғырланған. Биыл 2,2 трлн теңгеге 66 жоба жүзеге асырылады. Инвестиция салынған негізгі салалар – көлік, логистика және байланыс (34%), металлургия (19%), химия өнеркәсібі (12%). Жобалардың барлығына қаржы бөлінген соң, ел экономикасына жаңа өндіріс, тауар мен қызмет түрінде 37,8 трлн теңге мөлшерінде салым түсіріледі. Негізгі капиталға салынған инвестиция биыл 1,6 трлн теңге. 2025 жылы қаржы бөлу жоспарланған ҚДБ-ның басты инвестициялық жобаларының қатарында Жамбыл облысындағы натрий цианидін өндіру зауыты, Түркістан облысындағы күкірт қышқылы зауыты, Қостанай облысындағы ыстық брикеттелген темір өндіру жөніндегі ірі қазақстандық кәсіпорын және басқалар бар.

Осы жылы 1,5 трлн теңгенің 181 инвестициялық жобасы өнеркәсіпті дамыту қорында (ӨДҚ) қалыптастырылды. Негізгі салалар – инфрақұрылымды дамыту (27%), металлургия (21%) және химия өнеркәсібі (13%). ӨДҚ-ның барлық жобаларын қаржыландырудың қорытындысында жалпы қосылған құн көлемі – 19,4 трлн теңге. Негізгі капиталға салынған инвестиция биыл 1,44 трлн теңге болды. 2025 жылы қаржыландыру жоспарланған ӨДҚ басты инвестициялық жобаларының қатарына «Глобал Транс компания» ЖШС шекаралық темір жол өткелін салу, «ЕЭК» АҚ энергоблогын қайта жаңарту, «Qarmet» АҚ өндірісін жаңғырту, «Rail Way Steel» ЖШС электрометаллургиялық зауытын салу кіреді.

Qazaqstan Investment Corporation 2025 жылы қаржыландыруы 2,8 трлн теңге деңгейінде болуы тиіс ЖҚҚ-мен 10 инвестициялық жобаға шамамен 500 млрд теңге салуды жоспарлап отыр. Биыл негізгі капиталға салынған инвестиция – 200 млрд теңге. Осы жылға арналған QIC негізгі 5 инвестициялық жобасы – Қарағанды облысында металлургиялық кластерді дамыту, «АралСода» ЖШС-нің кальциленген содасын және «Batys Bitum» ЖШС-нің битумын, «Ақтау энергетикалық компаниясы» ЖШС-нің бу-газ электр стансасын өндіру зауытын салу.

«Даму» қоры 2025 жылы шағын және орта бизнеске жеңілдікпен несие беру көлемін 750 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3 еседей артық. 2025 жылғы 1 тоқсанда 755 кәсіпкерге 53 млрд теңге берілді. Қарыздарға кепілдік беру көлемі 1400 млрд теңгеге дейін артты. І тоқсанда 160 млрд теңге сомасына кепілдіктер берілді.

Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауда 2025 жылғы 6 мамырдағы жағдай бойынша Аграрлық несие корпорациясы 5,8 млн гектар егіс алқабын қамти отырып, көктемгі егіс жұмысына қаржы берудің жеңілдетілген бағдарламасы бойынша 363 млрд теңгеге 6 мыңға жуық фермердің өтінімін қанағаттандырды.

Штаб отырысының қорытындысында вице-премьер қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы бойынша инвестициялық жобалардың қымбат импортты алмастыруға және сол арқылы инфляцияны тежеуге мүмкіндік беретін ішкі нарықта сұранысқа ие тауарлар өндірісінің жеткіліксіз ұсынылғанын атап өтті.

«Біз экономиканың нақты секторын қолдау бағдарламасына бастамашылық жасаған кезде, ірі жобалармен қатар Ұлттық экономика министрлігінен тұрмыстық химия, гигиена, ірімшіктер, консервілер, шұжықтар және тұрғындарымыз арасында сұранысқа ие басқа да өнімдер өндірісін жолға қою жобалары бойынша инвестицияларға тапсырыс жарияладық. Құс өндіру бойынша жақсы ілгерілеу бар екенін көріп отырмыз. Жыл соңына дейін тұтыну деңгейі толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бірақ импорт көбірек сақталып отырған басқа салаларда да өндірушілерді іздеп, осы жобаларға көмек көрсету қажет», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.