«Ауыл құтқарушылары»: ауылдық жерлерге арналған сенімді қалқан

0
115

Ақмола облысында Атбасар ауданының Сепе және Полтавка ауылдарында жалпы саны 2700 адамнан асатын алты елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа өрт сөндіру пункттері ашылды.


«Ауыл құтқарушылары»: ауылдық жерлерге арналған сенімді қалқан

ERNUR.KZ. «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдарымен Ақмола мен Жамбыл облыстарында шалғайдағы және жетуі қиын елді мекендерде өртке қарсы қорғанысты нығайту жөніндегі шаралар белсенді іске асырылуда.

Ақмола облысында Атбасар ауданының Сепе және Полтавка ауылдарында жалпы саны 2700 адамнан асатын алты елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа өрт сөндіру пункттері ашылды. Шортанды ауданындағы Октябрьское ауылында 1050-ге жуық тұрғыны бар екі ауылға қызмет көрсетуге арналған ерікті өрт сөндіру құралымы құрылды.
Ерейментау ауданының Өлеңті ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы ерекше маңызға ие. Жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімінен 70 км қашықтықта орналасқан бекет бірден үш ауылдық округтің — Өлеңті, Қойтас және Бозтал округтерінің өртке қарсы қауіпсіздігіне жауапты. Оның жауапкершілік аймағында 2000-нан астам адам тұратын 6 елді мекен бар. Бекет өңірдегі ТЖД автопаркінен берілген өрт сөндіру автоцистернасымен жабдықталған.
Барлық жаңа құрылымдар қажетті жабдықтармен жарақталған, ал қызметкерлер кәсіби құтқарушылардың басшылығымен оқудан өтті, бұл төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін айтарлықтай арттырады.
Жамбыл облысында Меркі ауданы Андас Батыр ауылында жергілікті өрт сөндіру пункті қайта жаңғыртылғаннан кейін салтанатты ашылу рәсімі өтті. Нысан 8800-ден астам адам тұратын жеті елді мекенді қорғаудың негізгі буыны болды. Іс-шара аясында еріктілерге арнайы нысандар мен жабдықтар жиынтықтары табысталды, сондай-ақ заманауи техника көрсетілді.
Жөндеу жұмыстары Меркі ауданы Тәтті ауылында да жүргізілді. Мұнда материалдық-техникалық база жаңартылды, Үй-жайлар жөнделді, техника жаңғыртылды. Осы шаралардың арқасында қызмет көрсету шарттары айтарлықтай жақсарды және бөлімшенің төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығы арттырылды.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы тұрақты дамуға бағытталған және ауылдық жерлерде өрттен қорғаудың тиімді жүйесі. Жергілікті тұрғындар бастаманың маңыздылығын жоғары бағалап, үйдің жанында өрт сөндіру бөлімдерінің болуы қауіпсіздік пен тыныштықтың кепілі екенін атап өтті.
Бағдарлама шеңберінде өрт инфрақұрылымын кеңейту және нығайту жөніндегі жұмыстар еліміздің басқа өңірлерінде жалғастырылатын болады.