Атыраудағы мұнай кен орнында адам өліміне әкелген жарылыстың себебі айтылды

0
72

Оқиға 8 мамырда құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде болған.


Атыраудағы мұнай кен орнында адам өліміне әкелген жарылыстың себебі айтылды

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

ERNUR.KZ. Атырау облысындағы Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнында болған өндірістік апаттан бір адам қаза тапқан, деп жазады inform.kz.

Бұл туралы ТЖМ Мұнай-газ және мұнай өңдеу өнеркәсібіндегі мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Ахан Телманов мәлімдеді.

Оқиға 8 мамырда құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде болған. РВС-1000 резервуарында жарылыс болып, кейін өрт шыққан. Салдарынан мердігер ұйымның қызметкері көз жұмды.

— Апатты тексеру барысында резервуар ішінде мұнай, газ және ауадан тұратын жарылғыш қоспа жиналғаны анықталды. Ол жұмыс кезінде тұтанған. Тексеру қорытындысында резервуарды жұмысқа дайындау кезінде талаптардың толық сақталмағаны, газ құрамын бақылауда және жұмысқа рұқсат беру тәртібінде кемшіліктер болғаны белгілі болды, — деді басқарма басшысы.

ТЖМ өкілі мұндай жағдайлардың себептері мұнай-газ нысандарында жиі қайталанатынын айтты. Олардың қатарында жабдық пен құбырлардың тұтастығының бұзылуы, коррозия, дәнекерлеу ақаулары, мұнай мен газдың ағуы, сондай-ақ өндірістік бақылаудың әлсіздігі бар.

Жалпы 2026 жылы қауіпті өндірістік нысандарда жеті апат тіркелген.