Атырауда оқушы сыныптастарын балтамен қуған: Министрлік енді мектеп қауіпсіздігіне директор жауап беретінін айтты

0
360

Ішкі істер министрлігі білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті ұйымдастыру полицияның міндетіне кірмейтінін айтты.


Атырауда оқушы сыныптастарын балтамен қуған: Министрлік енді мектеп қауіпсіздігіне директор жауап беретінін айтты

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

ERNUR.KZ. Министрліктің пікірінше, қару-жарақ пен қауіпті заттарды мектепке кіргізбеу жауапкершілігі оқу орындарының өзіне жүктеледі, деп жазады stan.kz.

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов ведомствоның ұстанымы бұған дейін де айтылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар негізгі жауапкершілік полицияға емес, мектептерге тиесілі екенін жеткізді.

“Қару немесе үшкір заттардың оқу орындарына кіргізілмеуіне жағдай жасау – Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне кіретін мәселе”, – деді Ғалым Сарғұлов.

Сарғұлов министрлік өз ұсыныстарын Оқу-ағарту министрлігіне жолдағанын және күзет ұйымдарымен жұмыс жүргізілгенін айтты.

“Ішкі істер министрлігі тарапынан қауіпсіздікті қалай ұйымдастыру керек екені жөнінде ұсыныстар берілді. Күзет ұйымдарымен жұмыс жолға қойылып, нұсқаулықтар берілді, бірнеше рет жиын өткізілді”, – деді ол.

Сонымен қатар спикер мектептердегі күзетті таңдауға және оны ұйымдастыруға кім жауапты екенін нақтылады.

“Бұл мәселе толықтай мектеп директорларына байланысты. Қандай күзет қызметін жалдайды, қалай келісімшарт жасайды және жұмысты қалай ұйымдастырады, бәріне мектеп басшылығы жауапты”, – деді Ғалым Сарғұлов.