Астанада сыйақы алмаған спортшы министрлікті сотқа берді

0
104

Спортшы 2016 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстан атынан өнер көрсеткен.


Астанада сыйақы алмаған спортшы министрлікті сотқа берді

фото: СС0 / Corrie Miracle

ERNUR.KZ. Астанада кір көтеру спортының ардагері мәдениет және спорт министрлігін сотқа берді, деп жазады sputnik.kz.
Сотқа жүгінген кір көтеру спортының ардагері, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері және чемпионы 2016 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстан атынан өнер көрсеткен. Ол 2016-2017 жылғы жарыстарда алған жүлделі орындары үшін ақшалай сыйақы төлеу туралы өтінішпен мәдениет және спорт министрлігіне жүгінген.
"Алайда, министрлік талап қою мерзімі аяқталды деп төлем жасаудан бас тартқан. Бұл шешіммен келіспеген спортшы сотқа шағымданды", - дейді Астана қаласының мамандырылған ауданаралық әкімшілік соты.
Әкімшілік іс Астана қаласының әкімшілік-қауіпсіздік істері сотында қаралды.
"Істі қарау барысында талапкердің шынымен де кір көтеру спортынан халықаралық жарыстардың жүлдегері екендігі және Қазақстан атынан өнер көрсеткенін анықтады. Министрлік төлем жасаудан негізсіз бас тартқан. Себебі талап қою мерзімі әкімшілік және бюджет қатынастарына қолданылмайды және төлемдер туралы қолданыстағы ережелер өтініштерді беру мерзіміне шектеу қоймайды", - дейді ведомстводағылар.
Министрлік дәл осындай жағдай бойынша 2021-2024 жылдар аралығында төлемдер жасаған.
"Сот министрліктің 2016 және 2017 жылдардағы жүлде төлемдерінен бас тартуын заңсыз деп танып, тиісті төлемдерді жүзеге асыруға міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енді", - дейді соттағылар.