Оқу-жаттығу кезінде уақытша шектеулер енгізіліп, оның ішінде кейбір учаскелерде көлік қозғалысы ішінара тоқтатылатыны атап өтілді.
Сурет: gov.kz
ERNUR.KZ. 2026 жылғы 12 қараша, бейсенбі күні Қосшы қаласында терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты Ақмола облыстық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабы тұрғындарға ескерту жасады, деп жазады zakon.kz.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру, сондай-ақ күштер мен құралдардың террористік сипаттағы қатерлерге жедел ден қоюға дайындығын арттыру.
"Іс-шара аясында шынайы жағдайға барынша жақын түрлі ахуалдық сценарийлер пысықталады", – деп хабарлады Ақмола облыстық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабы 9 қарашада.
Оқу-жаттығу кезінде уақытша шектеулер енгізіліп, оның ішінде кейбір учаскелерде көлік қозғалысы ішінара тоқтатылатыны атап өтілді.
"Тұрғындар мен қала қонақтарынан қауіпсіздік шараларын сақтауды, өткізіліп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды, жалған ақпарат таратпау және мемлекеттік органдар өкілдерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз", – делінген Ақмола облыстық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың хабарламасында.
Ақмола облысының тағы төрт ауданында да терроризмге қарсы осындай оқу-жаттығулар өткізу жоспарланған:
- 9 қарашада – Ерейментау ауданының Ерейментау қаласында;
- 10 қарашада – Аршалы ауданының Аршалы кентінде;
- 11 қарашада – Қорғалжын ауданының Қорғалжын ауылында;
- 13 қарашада – Целиноград ауданының Ақмол ауылында.
Айта кетейік, 2026 жылғы 21 қазанда Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқу-жаттығу өткізген болатын.


