Алдын ала мәлімет бойынша, жарылысқа жер астымен жүргізілген орталық газ құбыры себеп болуы мүмкін
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Алматы облысына қарасты Екпінді ауылында болған жойқын жарылыстың себептері анықталып жатыр. Оқиға бойынша тексеруді Төтенше жағдайлар департаменті жүргізуде, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жарылысқа жер астымен жүргізілген орталық газ құбыры себеп болуы мүмкін. Куәгерлердің айтуынша, 30 жылдан астам уақыт бұрын тартылған құбыр әбден ескірген. Жарылыстан кейін тұрғындар жер астынан көпіршік түрінде газ шығып жатқанын байқаған.
Жарылыс салдарынан жер үй толықтай қирап, тек іргетасы ғана қалған. Сонымен қатар, ауладағы көліктер де қатты зақымданған. Оқиға таңғы сағат 05:30 шамасында, отбасы мүшелері ұйықтап жатқан кезде болған. Алдын ала болжам бойынша, газ жертөле арқылы үй ішіне тараған. Үйдегі балалардың бірі сіріңке жаққан сәтте жарылыс орын алған.
Оқиға кезінде үй иесі Самат Жайылханов сыртта болған. Оның айтуынша, жарылыстан кейін үйінді астында қалған жұбайы мен үш баласын көршілердің көмегімен құтқарып, ауруханаға жеткізген. Үй иесі «Алматы газ сервис» мекемесі өкілдерінің әрекетіне наразылық білдірді. Оның сөзінше, оқиға орнында болған мамандар нақты түсініктеме бермей, жауапкершілікті өздерінен алып тастауға тырысқан.
«Бұл жерде елдің бәрі көріп тұр – газдан. Үйімдегі газплитадан, не басқа нәрседен газ тараған жоқ. Олардың айтып отырғаны, газ клапаныңның сигнализациясы ма, бірдеңе қою керек екен ғой, сонысы жоқ, сол себепті деп, іздеп жатыр, менің жеке ойым. Бірақ кінәні алмаймыз, біздікі емес, деп айтты», – дейді Самат Жайылханов
Оқыс оқииға бойынша «Алматы газ сервис» холдингінің мамандары мардымды жауап бере алмады. Олар жарылыс болған жердің астынан газ шығып жатқанын мойындаса да, оның апатқа қатысы бар-жоғын «дөп басып айта алмаймыз» деді. Қазір қызметкер отыз жылдан аса уақыт бұрын орнатылған құбырларды ауыстырумен әлек.
«Әзірге белгісіз. Қазір ТЖД тексеріп жатыр. Сол бітсін. Сосын көреміз. Біріншіден, біз шіріп кеткен жерін ауыстырамыз да, газды қайтадан жібереміз. Шіріген құбырдан үй ішіне газ тарады ма, оны білмеймін», – деді «Алматыгазсервис» АҚ холдингінің бас инженері Ерлан Құмашев.


