Алматылық оқушы БҰҰ штаб-пәтерінде әлемнің үздік 3 жас инноваторының қатарына енді

0
143

Алматыдағы №79 гимназияның 11-сынып оқушысы Дана Қадырбек жаһандық су тапшылығы мәселесіне тың шешім ұсынды.


Алматылық оқушы БҰҰ штаб-пәтерінде әлемнің үздік 3 жас инноваторының қатарына енді

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Алматылық мектеп оқушысы Дана Қадырбек Вена қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде өткен Cleantech Days Forum 2026 форумында әлемнің үздік жас өнертапқыштарының топ-3 қатарына енді, деп жазады zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылғы 22 сәуірде Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Алматыдағы №79 гимназияның 11-сынып оқушысы Дана Қадырбек жаһандық су тапшылығы мәселесіне тың шешім ұсынды. Соңғы екі жылда ол Қазақстан білімінің әлемдік деңгейдегі лайықты өкіліне айналып, өзінің ғылыми жобаларымен халықаралық ұйымдар мен министрліктердің назарын аударды.

2024-2025 жылдары Дана ғарыштық технологиялар бағытындағы Kazakhstan Smart Space (Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ) халықаралық байқауында жүлделі орындарға ие болып, инженерлік саладағы терең білімін дәлелдеді. Одан кейін АҚШ-та өткен Olimpiad USA математикалық олимпиадасында екінші орын иеленіп, Индонезияда өткен YISF халықаралық байқауында жеңіске жетті.

Алайда оның ең үлкен жетістігі ауадан су алу технологиясын әзірлеуі болды.

2025 жылы шілде айында Сеулде өткен WICO дүниежүзілік жастар ғылыми олимпиадасында Дана алтын медаль жеңіп алды. Қазылар алқасы "Атмосферадан су жинауға арналған алюминий фумараты негізіндегі металлорганикалық қаңқалық құрылымдарды синтездеу" тақырыбындағы жобаны жоғары бағалады.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл құрғақ климат жағдайында да ауыз су алуға мүмкіндік беретін құрылғы.

2026 жылы сәуірде Дана тағы бір биікті бағындырды. БҰҰ-ның Венадағы штаб-пәтерінде UNIDO ұйымдастырған Cleantech Days Forum 2026 форумында ол әлемнің үздік 3 жас өнертапқышының қатарына енді.

Жас өнертапқыштың жетістіктері ел ішінде де жоғары бағаланды:

  • 2025 жылы 3 желтоқсанда ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігімен жобаны пилоттық енгізу туралы меморандумға қол қойылды;
  • 2025 жылы желтоқсанда "Халықтың сүйіктісі" XV ұлттық сыйлығының лауреаты атанды;
  • 2026 жылы 14 қаңтарда "Дарынды балалар — ұлт болашағы" салтанатты іс-шарада Алматы қаласы әкімінің сыйлығымен марапатталды.
"Ауыз су тапшылығын шешуге қабілетті технология ұсынған оқушымыз Дана Қадырбек екенін мақтан тұтамыз. Осындай дарынды жастар біздің басты стратегиялық ресурстарымыз және елдің технологиялық болашағының кепілі", — деді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәкен Аралбаев.

Бүгінде Дана қатарластарына үлгі болып отыр. Оның еңбекқорлығы мен ғылымға деген қызығушылығы мектеп партасынан бастап халықаралық деңгейге дейін жол ашты. Бұл жетістіктер гимназия тарихына ғана емес, еліміздің ғылыми әлеуетіне де үлкен үлес қосары сөзсіз. Ал оның әзірлемесі болашақта елдің құрғақ өңірлерін ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесіне ықпал етуі әбден мүмкін.