Алматыдағы ауқымды операция - 2 мыңнан аса көлік айыппұл тұрағына қойылған

0
84

Қала полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.


Алматыдағы ауқымды операция - 2 мыңнан аса көлік айыппұл тұрағына қойылған

Бейнеден алынған кадрлар

ERNUR.KZ. Алматыда екі күнде 2 мыңнан аса көлік айыппұл тұрағына қойылды, деп жазады tengrinews.kz.

Алматыда жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру мақсатында өткізілген "Стоп – бұзушылық" жедел-профилактикалық іс-шарасының аралық қорытындылары жарияланды.

Қала полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте өңірлерден қосымша күштер тартылып, қаладағы негізгі магистральдарда сүзгілік бекеттер ұйымдастырылған.

Іс-шараның алғашқы екі күнінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 828 дерегін анықтады. Рейд барысында қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылған.

Атап айтқанда, көлік құралын басқару құқығы жоқ азаматтардың көлік жүргізуінің 44 дерегі, сондай-ақ бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғалардың қайтадан көлік басқарған 8 дерегі тіркелді. Сонымен қатар жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану бойынша 8 дерек және қарсы қозғалыс жолағына шығудың 15 факт анықталып, олардың жолы кесілді.

Мамандардың айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтар ауыр жол-көлік оқиғаларына жиі себеп болады. Жүргізілген шаралар нәтижесінде 2 мыңнан астам автокөлік, оның ішінде шетелдік тіркеудегі көліктер де, арнайы айыппұл тұрағына қойылған.

Алматы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинұр Тасыбаевтың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты - құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

"Біз жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше мән береміз. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігінсіз немесе одан айырылғаннан кейін көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмірлерді пайдалану - адам өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретін әрекеттер. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысымыз қатаң әрі принципті түрде жалғасады", – деді ол.

Еске сала кетейік, 1 сәуірде Алматыда Қазақстанның әр өңірінен полиция экипаждары тартылған ауқымды операция басталған болатын. Алғашқы тәулікте Алматыда полиция қызметкерлері 2200-ден аса заңбұзушылықты анықтады.