Алматыда Chechil Pub желісіне тиесілі барлардың бірінің жұмысы полицияның араласуынан кейін тоқтатылды.
ERNUR.KZ. Алматыда жаппай төбелес тіркелген Chechil Pub барларының бірінің жұмысы сот шешімімен тоқтатылды. Полиция кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта кіргізу деректері де анықталғанын мәлімдеді, деп жазады baq.kz.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері аталған барда жаппай төбелеспен ұласқан екі өрескел бұзақылық дерегі тіркелген. Сондай-ақ түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың мекемеге жіберілуіне байланысты заңбұзушылықтар анықталған. Жиналған материалдар сотқа жолданып, сот мекеменің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім шығарды.
Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов құқықбұзушылықтар жүйелі түрде тіркелетін нысандарға қатысты қатаң шаралар қолданылатынын атап өтті.
Егер мекеме әкімшілігі келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, заң талаптарын елемесе, тиісті шаралар қабылданады, - деді ол.
Полиция өкілдері ойын-сауық орындарына бақылау күшейтілгенін мәлімдеді. Бұған дейін осындай себептермен қаладағы Медеу және Алмалы аудандарында орналасқан барлар да жабылған болатын.


