Алматыда үй жөндеуге келген жұмысшылар карантинге қамалып қалған

0
844

Бұл ғимаратта 65 пәтер бар.


Алматыда үй жөндеуге келген жұмысшылар карантинге қамалып қалған

ERNUR.KZ. Алматыда коронавирус ошағының саны 15-ке жеткен, деп жазады ktk.kz.

Ақкент ықшамауданындағы 9 қабатты үйде өткен бейсенбіде Стамбұлдан ұшып келіп, екі күн бұрын анализінен вирус анықталған науқас тұрған. Полицейлер нысанды қоршауға алып, онда ешкімнің кіріп-шықпауын жіті қадағауда.

"Мен ол науқастың өзімен телефонмен сөйлестім. Ол 19-шы наурызда Стамбұлдан ұшақтан түскен. Содан бері үйінде ауырып жатқан. 22-сі күні кешке жақын өзі жедел жәрдем шақырған. Әуежайдағы адамдарға сұрағым бар: Олар неге ұшақтан түскен адамды үйіне жібереді? Бір үй 19-наурыздан бері ол кісімен байланыста болған. Ол кісі «Арзанға» екі рет барған, далаға шыққан, дүкенге барған азық-түлік әкелген, осы Алматының ішінде сандалып жүрген ғой" - дейді Ақкент тұрғын-үй кешені басқарушы компаниясының қызметкері, Бибігүл Сүлейменова.

Бұл ғимаратта 65 пәтер бар. Енді сол тұрғындар жарты ай бойы сыртқы әлеммен байланыссыз өмір сүреді. Жақын маңдағы азық-түлік дүкені мен дәріхана тұрғындардың керек-жарағын есік алдына дейін жеткізіп бермек. Ал қала іргесіндегі үш қабатты үй де өткен аптада қоршауға алынған. Мұнда пәтер жөндеуге келіп, ойда-жоқта оқшауда қалып қойғандар бар.

"Үйді жөндеуге келгенбіз негізі. Сол күн келіп, сол күні кешке карантинге жауып тастады. Екі-үш күнде жұмысымызды бітеміз. Шығып кетсек, жақсы болар еді, шығарса. Үйде бала-шағамыз бар. Біз мына жерде отыра алмаймыз. Карантинде қалып қоямыз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген"- дейді жұмысшылар.

Сол себепті, таза киім-кешек әкелмепті. Қалада карантинге жабылған нысандар күн санап артуда. Ауру ошағының саны 15-ке жетіп отыр. Олардың екеуі – Алатау ауданында, Алмалы және Түрксіб аудандарында – төртеуден, үшеуі – Медеу, тағы екеуі – Жетісу ауданында. Қатаң бақылауға алынған бұл ғимараттар күніне екі рет дезинфекцияланады.