​Алматыда қор басшысы 15 жастағы жасөспірімге базарда ақша жинатқан

0
65

Жасөспірім тұрғындарды қайырымдылыққа шақырып, шу шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзған.


​Алматыда қор басшысы 15 жастағы жасөспірімге базарда ақша жинатқан

Фото: yandex.kz

ERNUR.KZ. Қайырымдылық қорының басшысы 15 жастағы жасөспірімді базар аумағында тұрғындардан қаражат жинауға заңсыз тартқаны үшін жауапқа тартылды, деп жазады inform.kz.

Алматы қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, қор басшысы қайырымдылық қызметін реттейтін нормаларды бұзып, жасөспірімді қоғамдық орындарда ақша жинауға жұмылдырған.

Жасөспірім тұрғындарды қайырымдылыққа шақырып, шу шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Сот отырысында қор директоры кінәсін толық мойындады. Құқық бұзушылық фактілері жасөспірімнің түсіндірмесімен және жиналған дәлелдермен расталған.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 128-бабының 1-бөлігі мұндай жағдайда жеке тұлғаларға 50 АЕК көлемінде айыппұл салуды қарастырады. Сот кінәлінің жеке басын және ауырлататын мән-жайдың жоқтығын ескере отырып, қор басшысына 196 мың теңгеден аса айыппұл тағайындады.
Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталғанын жазғанбыз.
Ол өзін бірнеше рет «қазақтың Робин Гуды» деп атаған және әлеуметтік желідегі парақшаларында музыкант, концерт пен той ұйымдастырушы екені көрсетілген.