Алматыда қарызы бар тұрғындарға ыстық су беру тоқтатылып жатыр

0
141

Мұндай шаралар тек ұзақ уақыт бойы төлем жасамаған азаматтарға қатысты қолданылады.


Алматыда қарызы бар тұрғындарға ыстық су беру тоқтатылып жатыр
Фото: Алматы әкімдігі
ERNUR.KZ. Алматыда коммуналдық қызмет жылу энергиясы үшін төлемеген тұтынушылардан берешекті сот арқылы өндіріп алуды, сондай-ақ қарыз толық өтелгенге дейін пәтерлерде ыстық су беруді шектеуді жоспарлап отыр, деп жазады inform.kz.

Компанияның мәліметінше, бірнеше мәрте ескерту жасалғанына қарамастан, кейбір тұтынушылар қызмет көрсетуші ұйымның заңды талаптарын орындамай отыр. Қазіргі таңда күн сайын ондаған борышкерге ыстық су беру тоқтатылып жатыр.

– Ыстық су беруді шектеу – мәжбүрлі шара. Кәсіпорын мұндай қадамға баруға мәжбүр. Өйткені жылу қызметтері үшін төлемдердің уақытында түспеуі алдағы жылыту маусымына дайындық пен жүйенің тұрақты жұмысына кесірін тигізеді, - делінген хабарламада.
2026 жылдың басынан бері Алматыда төлем жасамаған 623 абонентке ыстық су беру тоқтатылды. 2 204 борышкерге қатысты сотқа талап-арыз берілді. 256 тұтынушының мүлкіне тыйым салынды, 287 банк шоты бұғатталды. 158 азаматтың елден шығуына шектеу енгізілді. Сонымен қатар берешек сомасы борышкерлердің жалақысынан және өзге де табыс көздерінен өндіріліп жатыр.
Айта кетейік, сот шешімдері мен атқарушылық жазбалар негізінде қарызды өндіріп алу барысында борышкердің жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне, автокөлігіне, банк шотына шектеу қойылады. Сондай-ақ елден шығуына тыйым салынып, қызмет түрлеріне берілген лицензиялардың қолданылуы да тоқтатылуы мүмкін.
Мұндай шаралар тек ұзақ уақыт бойы төлем жасамаған азаматтарға қатысты қолданылады. Ыстық суды шектеу немесе сотқа жүгіну алдында компания өкілдері берешек туралы алдын ала хабарлап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда коммуналдық қызметтерді рәсімдеу тәртібі жеңілдетілетінін жазғанбыз.