Алматыда әйелін соққыға жыққан ер адам өзін «пышақтады» деп жұбайын айыптады

0
145

Оның бұл сөзі жалған болып шықты.


Алматыда әйелін соққыға жыққан ер адам өзін «пышақтады» деп жұбайын айыптады

Фото: © istockphoto.com

ERNUR.KZ. Алматы қаласының Медеу ауданында полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кезекті сорақы дерегінің жолын кесті. Құқық қорғаушылар жеткенде мас күдікті өз жұбайын «пышақ салды» деп айыптауға тырысқан. Алайда оның бұл сөзі жалған болып шықты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жәбірленуші әйелдің мәлімдеуінше, күйеуі бірнеше күн қатарынан спирттік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынып, агрессия танытқан және оған үнемі күш көрсетіп, соққыға жыққан. Шақырту орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары өтініште жазылған жағдайларды толық растады. Үйдегі ер адам өте қатты мас болып, полиция қызметкерлерінің көзінше де агрессивті әрекеттерін тоқтатпаған.

Оқиғаның мән-жайын анықтау барысында полицейлер ер адамның денесіндегі ескі жарақатының аузы ашылып, қан кеткенін байқайды. Содан кейін оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақырылған. Медбикелер алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқан сәтте ер адам жағдайды пайдаланып, «Бұл пышақ жарақатын маған әйелім салды» деп айқайлап, кінәні жұбайына жабуға тырысқан.

Алайда, полиция қызметкерлерінің жедел тексерісі нәтижесінде бұл ақпараттың мүлдем шындыққа жанаспайтыны анықталды. Кейінірек күдіктінің өзі бұл жарақатты бұрынырақ, мүлдем басқа жағдайда алғанын мойындауға мәжбүр болды.

Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, агрессивті ер адам бірден полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Оқиғадан кейін Әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкерлері жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдады. Күдіктіге қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау және құқық қорғау органдарын жаңылыстыру деректері бойынша материалдар жиналып, заң аясында тиісті шешім қабылдау үшін қаралып жатыр.

Алматы қалалық Полиция департаменті бұл жағдайда тәртіп сақшыларының басты міндеті – әйел адамның өмірін арашалау, оның қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету және отбасындағы зорлық-зомбылықтың бұдан былай қайталануына жол бермеу болғанын баса айтты.